Екібастұзда 30-ға тарта үйде жылу мардымсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 30-ға тарта үйде жылу мардымсыз

13.02.2023

Екібастұз қаласында күні бүгінге дейін апаттың салдары жойылмады. Көпқабатты 30-ға тарта үйде жылу мардымсыз. Қыстың көзі қырауда дірдектеп отырған тұрғындардан облыс әкімі кешірім сұрады.

Ыдырысовтар үш бөлмелі пәтерде тұрады. Әр бөлмеге тоқ пеш қойылған. Тіпті, жуынатын жерде де қосулы.

Мұрат Ыдырысов, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Жарыққа 5 мың теңге төлейтінбіз. Бүгін 13 мың теңге келіп тұр. Үй жылымайды. Киіммен жатамыз. Бас киім шешілмейді. Мына пеш болмаса, онда мүлдем тоңамыз.

Бір апта бойы оқушылар қашықтан оқыды. Білім бөлімі бүгін сабақ мектепте өтеді деп хабарлама таратқан болатын. Бірақ ата-аналардың басым бөлігі балаларын оқуға жібермепті.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

25 мектептің 21-і бүгін оқушыларға есіктерін ашты. 4 мектепте температуралық параметрлерді санитарлық нормаға жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

ЖЭО басшылығы мәліметіне қарағанда қазір 6 қазандық іске қосылған. Үйлерге жылу 71 градус температурамен беріліп тұр. Бірақ бұған тұрғындардың көбі сенбейді. Монополист компания апатты жою, жылу желілері мен батарея жарылуынан бүлінген пәтерлерді жөндеуге 2 млрд теңге қаржы салыпты.

Бағдат Орал, Энергетикалық корпорацияның бас директоры:

Жазда станцияда 8 қазандық күрделі жөнделеді. Ол үш энергетикалық және бес су жылыту қазандықтары. Осы айдың соңына дейін сметалар дайын болады. Осы 8 қазандыққа қандай қаржы қажет екені сол кезде анықталатын болады.

Аймақ басшысы Екібастұзға күнара келеді. Қазір мұнда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

Қалыптасқан ахуал үшін кешірім сұраймыз. Әрине, біз мемлекеттік құзыретті органдар болған соң әр сұрақты қатаң бақылауда ұстау керекпіз. Енді бастысы болашақта осындай жағдай қалыптаспауы үшін барлық керекті жұмыстарды атқарамыз.

Тұрғындардың қазір жалғыз-ақ талабы бар. Электр қуатының артық төлемақысын монополист өз мойнына алсын дейді. Мәселе ақпан айының соңына дейін шешілмек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу