Ауылдарды сапалы интернетпен қамту үшін 190 миллиард теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдарды сапалы интернетпен қамту үшін 190 миллиард теңге бөлінеді

10.02.2023

Алдағы бес жылда ауылдарды сапалы интернетпен қамту үшін 190 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Бұл аймақта алыс ауылдардың оқушыларына арнайы онлайн-сабақтар жүргізіле бастаған. Бірақ білім сапасын көтеруге бағытталған жобаға интернеттің жоғы немесе оның жылдамдығының төмендігі қолбайлау болып тұр.

Ақтөбе облысында 3 ай бұрын шағын жинақты мектептерге арналған «Білім ал» жобасы басталған. Облыс орталығындағы білікті ұстаздар ауыл балаларына 5 пән бойынша онлайн сабақ өткізеді. Жаңа жоба Талдысай елдімекеніндегі мектеп оқушыларының көңілінен шыққан.

Ділназ Маратханқызы, оқушы:

Қала мен ауыл балаларының білімін теңестіру үшін арналған жоба біз үшін өте тиімді деп ойлаймын.Себебі, дарынды балалар ауылда да бар. Өзіміздің ұстаздармен қатар облыстағы ұстаздардан да қосымша, жақсы білім алып жатырмыз.

Мұндай онлайн сабақтың біріне министр мен облыс әкімі де қатысты. Қобда ауданы бойынша 25 мектеп болса, оның 22-сі шағын жинақты. Ал «БІЛІМ ALL» жобасы 19 білім мекемесінде енгізілген.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Облыстағы ең үздік деген мектеп-гимназиялардан 35 үздік мұғалім таңдап алынды. Осы мұғалімдер математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша сабақ береді.

Бұл жоба облыстағы 204 шағын жинақты мектепті қамтуы тиіс. Алайда интернеттің жоқтығы мен нашарлығына байланысты 84 мектеп білім беру платформасына қол жеткізе алмай отыр. Министр бұл мәселенің жуық арада шешілетінін айтты. Ол үшін «Қолжетімді интернет» жобасы әзірленіп жатыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

500 ауылды мекен қиын жерлерде орналасқан, таулы жерлерде, басқа ерлерде. Сондықтан оларға спутник арқылы береміз. Ал қалған жерлердің бәріне осы оптикамен тартып, сыммен интернет беретін боламы».

Министр ауылдағы емдеу мекемесінің ұжымымен де кездесті. Дәрігерлер өздері қолдана бастаған жаңа құрылғыларды көрсетті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал мынау мобильді диагностикалық кешен деп аталады. Бір өзі он екі түрлі диагностика жүргізеді. Бұл әсіресе, алыс ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Тіпті, мұнымен кіші медицина қызметкерлері де жұмыс істей береді. Мысалы, мына құрылғыдағы «старт» батырмасын басу арқылы мен бір мезетте жүрек соғысымды тексере аламын және оның нәтижесі бірден экраннан көрінеді.

Бұл мобильді кешен ТМД аумағында алғаш болып Ақтөбеде қолданыла бастады. Медициналық гаджеттер бір сөмкеге сыйып кететіндіктен, онымен науқастың үйіне де барып қызмет көрсетуге болады. Сондай-ақ сараптама нәтижесін орталықтағы дәрігер интернет арқылы бірден көріп отырады. Мұндай «Фельдшер сөмкесі» алдымен облыстағы 134 ауылға беріледі.

Жақсыбек Кемал, Аманжол Айтмағамбетов

Хабарламаларға жазылу