Шымкент қаласында алдағы үш жылдың ішінде тағы 5 индустриалды аймақ жасақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында алдағы үш жылдың ішінде тағы 5 индустриалды аймақ жасақталады

27.01.2023

Шымкент қаласында алдағы үш жылдың ішінде тағы 5 индустриалды аймақ жасақталады. Бұл мегаполистің өндірістік әлеуетін екі есе арттырып, 15 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгін аймаққа жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңа инвестициялық жобалармен танысып, іске қосылған зауыттарды аралап көрді.

Шымкентте енді жылына 800 шаршы метр шыны және оның конструкциялары өндіріледі. Зауыт 6 миллиард теңгеге жуық қаржыға салынды. 260 жұмыс орны ашылды. Мұнда жаңа технологияның көмегімен тұтынушы сұранысына сай беті ою-өрнекпен әрленген шыны түрлері де шығарылады.

Мұрат Мамытбеков, зауыт басшысы:
Біздің өнім өзінің сапасымен, бағасымен және шығару мерзімімен, шығару көлемімен ерекшеленеді. Шығарылған өнімнің 70 пайызы Қазақстан нарығында, 30 пайызы шетелдік нарық, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға сатылатын болады.

Ұзақ жылдардан бері экологиялық проблема туғызып келген Шымкент қорғасын зауытынан шыққан өндірістік қалдықтар түгелдей жойылатын күн алыс емес. Тау болып үйілген күл енді жаңа технологияның көмегімен өңделіп, одан түсті металға арналған концентраттар шығарылмақ. Соны технологияға негізделген қуатты кәсіпорынның қазір алғашқы желісі іске қосылған.

Бизнесті қолдау мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында қазір мегаполисте 5 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Ондағы 300-ге тарта кәсіпорын өндірген өнімнің үштен бірі экспортқа бағытталған.

Береке Дүйсебек, Кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы:
5 экономикалық аймағымыздың тиімділігін зерттей келе бюджеттен олардың инфрақұрылымын қалыптастыруға 17 миллиард теңге қаржы салған болсақ, бүгінгі күні кәсіпкерлерден 49 миллиард теңге салықпен бюджетке кіріс кірген. Яғни біздің 1 теңгемізді 20 теңгемен қайтарып отыр.

Елімізде соңғы жылдары жанар-жағар майға сұраныс күрт артты. Осыған байланысты биыл өңделген мұнай өнімдерін 21 миллион тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Осыған байланысты Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын 6 миллион тоннадан екі есеге арттыру көзделген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Осы міндетті тиімді орындау үшін биыл мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында процесингтік кәсіптен маркетингке ауыстырдық. Ол дегеніміз, зауыттар енді мұнайды сатып алып, өңдеп, таратуына мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты тұрақты, толыққанды жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге бағытталған шара.

Шығыс пен Батыс арасындағы көлік қозғалысының түйіскен жерінде орналасқан ірі мегаполис тікелей және транзиттік рейстер үшін қолайлы. Үкімет басшысы сондықтан әуежайдағы жаңа терминалдың құрылысын тездетіп бітіруді тапсырды. Аумағы 40 мың шаршы метр болатын терминал құрылысының қазір 80%-дан астамы аяқталған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Шымкент еліміздегі ең ірі үш қаланың бірі. Шығыс пен батыстың ортасында орналасқан транспорттық дәлізде тікелей рейстерге өте ыңғайлы жер. Елімізге маңыздылығын ескере отырып, тездетіп іске қосу керек. Ол үшін қажетті шараларды қолдану керек.

Үкімет басшысы Шымкенттегі сапары барысында Президент тапсырмасына сай жаңадан салынып жатқан оқушылар үйінің құрылысын көрді. 500 орынға лайықталған орталықта балалар түрлі үйірмелерге қатысып, мектептен бөлек қосымша білім алады. Сондай-ақ, Әлихан Смайылов қаланың белсенді азаматтарымен де кездесті.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу