Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында ірі қара малдан белгісіз ауру шықты. Осы күнде сиырлардың арасында жұқпалы індет тарап жатқаны туралы шағым 5 шаруашылықтан түскен. Бұл видеоны Тереңсай ауылындағы шаруа қожалығының иесі жіберді. Кейбір сиырдың аузынан ақ көбік ағып тұрғаны көрініп тұр. Ауырған малды бөлек қамасақ та, індеттің тарауы тоқтар емес дейді, тұрғындар. Олар әрбір жағдайды облыстағы фермерлер қауымдастығына хабарлап отыр екен.
Марлен Баймағамбетов, «Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығының төрағасы:
Құжат бойынша жүз пайыз малды вакциналаған. Бірақ соның ішінде белгісіз себептермен Әйтеке би ауданы шаруаларында қайтадан шығып жатыр. Ол аусыл емес деп мойындады, сараптама жасады. Бірақ аусылға қарсы вакцинаны егіп отыр. Аурудың 5-10 проценті өліп қалып жатыр. Және төл тастайды.
Фермерлердің айтуынша, қазірге дейін қанша малдың өлгені белгісіз. Ал, аудандық әкімдік пен ветеринария мамандары өңірде аусыл жоқ деп отыр. Бірақ, Әйтеке би ауылдық округінде ірі қараның ауруы тіркелгенін растады. Жағдайды анықтау үшін аталған Тереңсай ауылына мал дәрігерлері жіберілген.
Жақсыбек Кемал