Басты Жаңалықтар Президент сенім грамоталарын қабылдады

Президент сенім грамоталарын қабылдады

Бүгін Ақордаға бірнеше елдің дипломаттары келді. Швеция, Грузия, Мьянма және Кипр елдерінің жаңадан тағайындалған елшілері Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды Қазақстандағы миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту жұмыстарына табыс тіледі. Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізіп отырғанын айтты. Мемлекет басшысы дипломаттардың жұмысына Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

Николоз Лалиашвили, Грузияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан мен Грузияның байланысы бұрыннан бекем. Соңғы жылдары біздің қарым-қатынасымыз жоғары деңгейге жетті. Дегенмен туризм, транспорт, сауда-саттық салаларында әлі де мүмкіндігіміз көп. Әсіресе «Орта дәліз» деп аталатын сауда жолына үлкен үміт артып отырмыз.
Ева Ульрика Пулано, Швеция корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Швеция Қазақстан Президентінің реформаларын жүзеге асыруда өте жақсы серіктес. Біз инфрақұрылымды дамыту, айти және телекоммуникация салаларын жаңғырту мен университеттер арасында студенттер алмасу жұмысын жалғастыруды көздеп отырмыз.

Шерхан Жамбылұлы

Бөлісу