Ақтөбе облысында соңғы тәуліктерде ауа райы күрт бұзылды. Қар аралас жаңбырдың арты қатты аязға ұласты. Соның салдарынан, жолдар жабылып, коммуналдық мекемелердің жұмысы көбейді. Кешелі бері облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің кейбірі жұмысқа шыққан жоқ.
Соңғы күндері қоғамдық көліктердің жұмысына айтылатын сын көбейді. Өйткені, тұрғындар автобустарды ұзақ күтуге мәжбүр. Кеше жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниядағы 150 автобустың 40-ы істен шыққан. Тұрғындарға кедергісіз қызмет көрсету үшін барымызды салып жатырмыз дейді, мекеме өкілдері.
Руслан Жылқаманов, Серіктестіктің ресми өкілі:
Автобустар барлық бағытта жұмыс істеп жатыр. Өкінішке орай, кей автобустарда ауасы қатып, дизель қатып жатыр. Оларды қайтадан базаға әкеліп, жылытып, қайтадан жұмысқа жіберіп жатырмыз.
Соңғы 2 күннен бері аймақта ауа температурасы -30-35 градус болып тұр. Жылу беру жүйесіне жауапты коммуналдық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Балалар сабақты онлайн оқып жатыр. Қатты аяз келгелі үй-күйі жоқ адамдарға арналған әлеуметтік мекемеге келушілердің де саны көбейген. Қазір бұл жерде 54 адам жатыр. Ал, тек түнгі мезгілде келетіндерге 20 орын дайындалған.
Райса Дармышева, Әлеуметтік бейімдеу орталығының маманы:
Түнде қонып, таңертең шығып кетеді негізінде. Өзінің уақыты бар, қыста алтыдан таңғы онға дейін, жазда тоғыздан тоғызға дейін. Бірақ мынадай аяз күндері келген адамдарға қолдан келгенше ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан тазалыққа жауапты мекеме қызметкерлері жұмысты тоқтатқан жоқ. Өздеріне тапсырылған аумақты қардан тазартып жатқандарға еріктілер ыстық шай берді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбені ақшұнақ аяз екі тәуліктен бері қысып тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері әсіресе, алыс жолға шыққанда аса сақ болу қажеттігін ескертеді. Өйткені, қолайсыз ауа райы өңірде әлі бірнеше күнге жалғасады.
Жақсыбек Кемал