Коронавирус: Қытайда науқастар дәлізде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус: Қытайда науқастар дәлізде жатыр

05.01.2023

Өткен айда карантиндік шектеулерді тоқтатуға кіріскен Қытайдың ауруханаларына адам сыймай, науқастар дәлізде жатыр. Мұндай жағдай Бейжің, Шанхай тәрізді ірі қалаларда байқалып отыр. «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің хабарлауынша, індет шағын қалашықтар мен ауылдарда да жылдам тарай бастаған. Сондықтан, билік өкілдері халыққа алдағы Жаңа жыл мерекесі кезінде жолға шықпауды ескертіп отыр. Халықаралық денсаулық сақтау сарапшыларының болжамынша, биыл Қытайда ковидтен 1 миллион адам қайтыс болуы мүмкін. Ал, британдық зерттеушілер қазірдің өзінде күніне шамамен 9 мыңдай тұрғын осы індеттен өліп жатыр дейді. Ресми Бейжің елдегі эпид ахуалдың мұншалықты қиындағанын жоққа шығарып отыр. Жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Әлемнің ондаған елі Қытайдан жеткен жолаушылардан коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін құжат талап етуге кірісті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай үкіметін сенімді ақпарат беруге шақырып отыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:
Біз Қытайдан ауруханаға түскендер мен өлім-жітім және вирустың тарауы туралы жедел, тұрақты әрі сенімді дерек сұрауды жалғастыра бермекпіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын адам өміріне төнген қауіп алаңдатып отыр. Тұрғындарды, әсіресе, егде жастағыларды госпитальге жатудан, асқынудан, өлімнен қорғау жолында вакциналау мен ревакциналаудың маңыздылығын тағы да атап өткіміз келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу