Министрлік: Жауапкершілік біздің мойнымызда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлік: Жауапкершілік біздің мойнымызда

29.12.2022

Жауапкершілік біздің мойнымызда. Әскердегі солдаттар өліміне қатысты Қорғаныс министрлігінің өкілдері осылай деді. Баспасөз мәслихатында армиядағы әлімжеттік жайлы ақпаратқа түсініктеме берген олар қарулы күштер қоғамнан тыс өмір сүріп жатпағанын алға тартты.

Сондықтан қоғамда болып жатқан процестер әскери ұжымда да болады деді. Ал бұл жағдайдың алдын-алу үшін «Өмірді сақта» бағдарламасы енгізілген. Оған Парламент депутаттары мен «солдаттардың аналар комитеті» қатысқан. Жыл басынан бері Қазақстан әскерінде бірнеше солдаттың қаза болғаны, кемінде төртеуінің «суицидтен көз жұмғаны» хабарланды.

Серік Боранбаев, Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы:

Иә, жауаптымыз. Және әрбір оқиға бұл тек жақындары үшін ғана емес, Қарулы күштер үшін де орны толмас қаза. Дегенмен төменнен бастап Қорғаныс министрлігі басшылығына дейін жауапкершілікті арқалайды. Сол себепті әрбір жағдай жеке қаралады.

Жиында қару-жарақпен қамту мәселесі де айтылды. Бүгінгі таңда Қазақстан қарулы күштері бірнеше елден әскери дрондарды сатып алып отыр. Олардың қатарында Қытай, Израиль және Түркиялық техника бар. Сонымен қатар отандық ұшу аппараттары да қолданыста.

Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары айтты. Бірақ ол бұл техниканың әскер меншігіндегі қазіргі нақты санын ашып айтпады. Сұлтан Қамалединовтың сөзінше, қару жарақпен қамту ісінде дәлдігі жоғары қару-жарақ, оқ-дәрілер, озық әскери техникамен қамту ісіне басымдық беріліп отыр. Биыл жаңадан 110 техника сатып алынған.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Әуе қорғанысы күштері 4+ буынындағы қазіргі заманғы көпфункционалды жойғыш ұшақтармен, соққы беретін және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен, әскери-көлік және L-410 оқу-жаттығу ұшақтарымен жарақтандырылып жатыр. Таяу арада Испанияның «Airbus military» компаниясы шығарған ауыр жүк көтеретін А400М әскери-көлік ұшақтары жеткізіледі.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу