Атырауда құбыр жарылып 87 тұрғын үй мен мектеп жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда құбыр жарылып 87 тұрғын үй мен мектеп жылусыз қалды

26.12.2022

Атырау қаласында 90-ға жуық көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалды. Оқиғаның мән-жайын тікелей байланыс арқылы меншікті тілшіміз Жандос Темірғалидан білейік.

Жандос Темірғали, тілші:
Апаттың себебі анықталды. Диаметрі 426 мм, жалпы ұзындығы 3045 метрді құрайтын магистральді жылу құбыры тесілген. Салдарынан қаладағы Нұрсая ықшам ауданындағы 87 көпқабатты тұрғын үй мен 2300 оқушысы бар №40 орта мектепке жылу беру уақытша тоқтатылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Магистралды жылу желісі қалалық тұрғын коммуналдық шаруашылығы бөлімінің иегілінде. Ал оған техникалық қызметті «Атырау жылу желілері» мекемесі көрсетеді.

Жауаптылардың сөзінше, қазір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр. Өйткені қазір құбырдағы су сорылып жатыр. Мамандар шамамен 5-6 сағаттың ішінде жағдай реттеледі дейді. Жөндеу жұмыстарына 17 қызметкер мен 8 арнайы техника жұмылдырылды. Жағдайды біз бақылауда ұстаймыз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу