Рудный қаласында құбыр жарылып, 24 көпқабатты және 59 жер үй жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласында құбыр жарылып, 24 көпқабатты және 59 жер үй жылусыз қалды

19.01.2023

Қостанай облысының Рудный қаласында құбыр жарылып, 24 көпқабатты үй мен 59 жер үй жылусыз қалды. Шағын қаладағы инженерлік желілілердің жартысынан көбі тозған. Биыл оларды жаңартуға қомақты қаржы бөлініп отыр. Жалпы, мұндай жұмыс бүкіл ел бойынша жүргізіледі. 

Рудныйдағы Мир және Горняков көшесінің қиылысындағы құбыр таңертең жарылған. Соның салдарынан 83 тұрғын үй мен 16 бизнес нысаны жылусыз қалды. Тұрғындар сегіз сағаттың ішінде пәтерлері салқындай бастағанын айтады. Қазір қалада ауа температурасы -12 градус.

Қазір бірнеше бригада құбырдың тесілген тұсын іздеп жатыр. Анықталса, дереу ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жылу құбырын қалыпқа келтіруге кемінде екі сағат керек дейді мамандар.

Арман Жүнісов, «Рудный жылу жүйесі» ЖШС директоры:
Бізге қазір ең бастысы апат орнын анықтау керек. Материал жеткілікті. Төрт бригада жұмыс істеп жатыр. 80-нен астам адам жұмылдырылған.

Рудныйдағы жылу құбырының 60 проценті тозған. Өткен жылы оны жаңартуға 7 миллиард теңге жұмсалыпты. Биыл да қомақты қаражат бөлініп отыр. Жылу маусымы басталғалы құбыр желісі үш рет жарылған. Биыл жалпы елімізде желідегі апат жиілеп кеткені мәлім. Өткен жылғы мәлімет бойынша елдегі инженерлік желілердің 51 пайызы тозған.

Еркебұлан Дауылбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2029-шы жылға қарай иенженерлік желілердің тозуына 40 пайызға дейін төмендету жоспарланды. Ағымдағы жылы қаржыландырудың әртүрлі көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды.

Сондай-ақ Президент тапсырмасымен 2023-2028-ші жылдары 68 қалада кәріз тазарту нысандарын салу және реконструкциялау жоспарланған. Бұл жобаларды қаржыландырудың нақты тетіктері де белгіленді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу