Тәуелсіздікпен бірге түлеген Обаған ауылы
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылы – тәуелсіздікпен бірге түлеген мекен. Бұрын кеңестік шаруашылықтың бөлімшесі болса, қазір округ орталығы. Жергілікті шаруашылықтың арқасында жұмыссыз отырған жан жоқ. Соңғы екі жылда ауылда жаңадан 15 тұрғынүй салыныпты.
Обаған - Ресеймен шекара түбінде, шалғайда жатқан қазақы ауыл. Ауылға кірберістен жарқыраған жаңа үйлер бірден көзге шалынады. Әрқайсының құрлысына 20 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған бұл үйлерді жергілікті шаруашылық жұмысшыларына арнап салған. Жаңа баспана тасымалданатын газбен жылиды. Тұрмыстық бұйым, жиһазбен де жабықталған.
Рауан Оңайбаев, ауыл тұрғыны:
Дипломат, пакетпен келдік деп айтуға болады ғой. Көңілімізден шығып, жатыр, үй жылы әдемі. Қаладағы сияқты ванна, туалет, душ бәрі бар ішінде.
30 жылдық еңбек өтілі бар фелдьшер Жайлы Исабаева Обағанға арнайы шақырумен былтыр көшіп келіпті. Оған жұмыс орнының жанынан жаңа үй берілді. Өзі қызмет ететін медпункт ғимараты да былтыр ғана салынған.
Жайлы Исабаева, фельдшер:
Жастардың бәрі қалаға көшкісі келеді. Қалада тұрғысы келеді қалада жағдай жақсы деп. Мына да қаланың жағдайынан кем емес. Өте әдемі, ішінде ыстық, салқын суы бар. Газбен жылытылады. Ауыл тұрғындары да риза. Осында келіп ем шараларын алып тұрады.
Обағанда қазір 400-ге жуық адам тұрады. Әлеуметтік нысандардың сыртында стадион, спорт залдары жұмыс істеп тұр. Орталық саябақ та бар. Тіпті шағын рестобар да ашылған. Мұның бәрі жергілікті шаруашылықтың әлеуметтік салаға үнемі қолдау көрсетуінің нәтижесі. Соның арқасында бұрын қалаға көшіп кеткендердің қайта оралып жатқаны да бар.
Болат Қарабаев, шаруа қожалығының басшысы:
120 миллион салып отырмыз биылға. Енді одан басқа мал бөлу, көшіп келгендерге жағдай істеу, үйлеріне ремонт істеу тағы да үш миллиондай келеді.
Тәуелсіздік жылдары ауыл халқын тұрақтандыру, олардың әл-ауқатын көтеру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс та аз емес. Бір ғана Қостанай облысында осы аралықта 75 елдімекенге табиғи газ тартылып, 322 ауыл сапалы ауызсумен қамтылған.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
