Бельгияда 25 мыңнан астам адам шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда 25 мыңнан астам адам шеруге шықты

19.12.2022

Бельгияда наразылық тоқтамай тұр. Халық қымбатшылыққа қарсы тағы да жалпыұлттық шеру ұйымдастырды. Ереуілдің кесірінен елдегі бірқатар өндіріс ошағы жұмысын тоқтатып, қоғамдық мекемелер жабылды. Мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері жұмысты қойып, наразылық акциясына қатысты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бұл - елдегі үш ірі кәсіподақ ұйымының соңғы екі айда ұйымдастырып отырған 4-шеруі. Осыған дейін билікке қойған талап-тілектер жауапсыз қалды деген шерушілердің ашуы қатты. Елдің түкпір-түкпірінен мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлерін Брюссельдегі шеруге жеткізу үшін теміржол компаниясы бүгін қосымша 8 пойыз іске қосқан.

Ғалым, ұстаз, дәрігер, өндіріс орындарының қызметкерлері барлығы

25 мыңнан астам адам Брюссельдің басты көшелерін жауып, көлік қозғалысын қиындатты. Соңғы 40 жылда болмаған қымбатшылық, экономикалық дағдарыстың қамыты қарапайым халықтың мойнын қажап барады.

Мишель Ван Этхон, зауыт қызметкері:
Электроэнергияның құны 3-4 есеге өсті. Бұрын тоққа 100 еуро төлеп келгендер қазір 400, 200 еуроның орнына 800 еуро төлеуге мәжбүр. Сұмдық қой. Үкіметтен электроэнергияның бағасына шектеу қоюды талап етіп отырмыз.

 «Шыдамымыз әбден таусылды» деген қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушы тасымалдаудан, пошташылар хат тасудан бас тартты. Бірнеше күннен бері елдегі тұрмыстық қалдықтар да шығарылмай, көшелерде тау-тау боп үйіліп жатыр. Ұшқыштар мен бортсеріктер де жұмысты тоқтатып, шеруге шыққандықтан Брюссель әуежайынан алыс-жақын шетелге 200 рейс ұшпай қалды.

Филипп Волэ, теміржол компаниясының қызметкері:
Әріптестерім де, өзім де үйде жылуды қоспаймыз. Тапқанымыз тамақтан артылмайды. Тоқты,суды үнемдеу үшін жұмысқа келіп суға түсуге мәжбүрміз. Үкімет айлықты көтеріп, қаржылай қолдау көрсетуге міндетті.

 «Бұл текетірестің басы», - дейді көпшілік. Биліктегілер жанайқайға құлақ түрмесе, тұрғындар Рождество мейрамынан кейін, бүкіл Бельгия бойынша жұмысты тоқтатып, жалпыхалықтық ереуіл ұйымдастырамыз деп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу