Қызылорда облысында 12 мыңнан астам азамат жаңадан бизнес бастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 12 мыңнан астам азамат жаңадан бизнес бастаған

13.12.2022

Қызылорда облысында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Тек осы жылдың басынан бері аймақта 12 мыңнан астам азамат жаңадан бизнес бастаған. Әсіресе, жастар аймақ үшін тың бастамаларды қолға алып, жаңашылдыққа бетбұруда. Соның бірі - қала орталығынан ашылған заманауи кәсіпорын.

Темірден түйін түйген шеберлердің цехында дәнекерлеушіден басқа тірліктің бәрін арнайы қондырғылар атқарады. Яғни, жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Жас кәсіпкер Қуаныш Мұстафаев мұны Қытайдан үйренген. Шет елдің озық технологиясын елге әкеліп, осы жобаға 40 миллион теңге қаржысын құйып отыр. Шағын кәсіпорын бірер ай бұрын ғана іске қосылды. Мұнда жасалған қазақы ою-өрнегі бар жарық шамдар, қала көшелеріне ерекше көрік беретін орындықтарға бүгінде сұраныс көп.

Қуаныш Мұстафаев, кәсіпкер:

Қазіргі таңның өзінде сұраныс бар Қазалы мен Аралға 100-ден аса орындық жасап қойдық. Тек Қызылорда облысы ғана емес, мысалы Көкшетаудан да тапсырыс алдық. Күшті-күшті ойларымыз бар, сыртқы қасбеттерді жасауға, қаланы көркейтуге өз үлесімізді қосамыз.

Темірден дайын өнім шығару процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Ең соңында бояудың ұнтағы себіліп, ол температурасы 200 градус ыстық пеште темірге сіңеді. Бұл әдіс бояудың өз реңін сақтауға 10 жылға дейін кепілдік береді. Қазір мұнда 6 адам тұрақты еңбек етуде. Бірақ, күннен күнге жұмыс қарқын алып келеді. Сондықтан, кәсіпорын тағы 20 адамды жұмыспен қамтуға ниетті.

Талғат Матығұлов, цех басшысы:

Завод өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Бізде мамандар жеткіліксіз. Білмейтін маман болса да ала береміз, өзіміз үйреткіміз келеді. Және жастардың жұмыс істей бергені жақсы ғой, жаңа технология. 20 адамдай жұмысшы қажет.

Сондай-ақ, кәсіпорын қаладағы бірнеше ғимараттың қасбетін де жасап, бүгінде шаһарға заманауи үлгіде сән беріп тұр. Бұрын шет елден келетін дүниелер қазір өз өңірімізде шыға бастағаны аймақтың кәсіпкерлік саласында бәсекелестіктің артқанын аңғартады. Яғни, бизнесте тың жобалардың жүзеге асуы - мемлекеттік қолдаудың жемісі.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу