Қызылорда облысында келер жылы 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылмақ. Жалпы жастарды қолдау үшін аймақта он бағыттан тұратын бағдарлама әзірленуде. «Жасампаз шақ - жастық шақ» атты форумда біліктілігімен көзге түсіп жүрген жастар озық идеялары мен инновациялық жобаларын таныстырып, тың бастамаларға облыс әкімі қолдау білдірді.
Бүгінде өңір халқының үштен бірі жастар. Еліміздегі ең басты мәселе оқу бітірген жас мамандарды жұмыспен қамту. Бұл көрсеткіш бойынша аймақта оң динамика байқалады. Биыл облыс бюджетінен жастарды қолдауға 500 миллион теңге бөлініп, ілкімді жобалар жүзеге асты. Ал келер жылы осы бағыттағы шараларға жұмсалатын қаржы 3 миллиард теңгеге ұлғаймақ.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Келесі жылы аймағымызда 6 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Нәтижесімен, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызға дейін төмендейтін болады. Аймақта атқарылған игі шаралардың барлығында облыс халқының 3/1 құрап отырған өңір жастарының қосқан өзіндік үлесі зор.
Форумда жастар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Олардың талап-тілегі негізінде қаладан шахмат академиясы, сәулетшілер мектебі ашылады. Сондай-ақ облыс әкімі кәсіп бастауға ниетті жастарға жер телімдерін беруге мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды. Шара барысында түрлі салада табысты еңбек етіп, ел мерейін өсіріп жүрген аймақ мақтаныштары марапатталды.
Нұрболат Лепесов, кардиолог-дәрігер:
Осы елге келіп қызмет жасап жатырмыз. Осы уақытқа дейін 12 жылдың ішінде мыңнан аса ота жасалды. Жүрекке қойылатын кардиостимулятор, дефимилятор дейміз сондай оталар жасалып жатыр.
Жарасхан Төлебай, әнші:
Атаның қасиетін, ананың өсиетін ұлттық тәрбиемізді жоғалтпай, біз арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастар осы елдің дамуы үшін құлқымыз бен жігерімізді сайлап, еңбек етуге әзірміз.
Алдағы уақытта ойы ұшқыр, ізденімпаз жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар.
Әділбек Серікұлы