Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

27.11.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты рәсімге 2,5 мыңнан астам адам қатысты. Республикалық телеарналар бұл сәтті тікелей эфирде көрсетті. Тоқаев анттан кейінгі баяндамасында былай деді: «Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез».

Келіспеске болмас. Геосаяси ахуалдан бөлек, экономикалық жағдай мәз емес. Қымбатшылық қысып барады. Сондықтан халықты ертең не болатыны алаңдатады. «Апта» студиясына экономисті шақырып, «сайлаудан кейін доллар өседі» деген болжамның қаншалықты рас екенін, келер жылы экономикалық ахуал қандай болатынын сұрап білеміз. Сұхбат сәлден соң. Ал қазір президент инаугурациясы туралы материалды ұсынамыз.

Тәуелсіздік сарайы. Рәсім өтетін салтанат залына алдымен еліміздің туы, Президент Байрағы мен Конституциясы әкелінді. Үш айға жуық уақытқа жалғасқан сайлауда жеңіске жетіп, Президент болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында ант берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мемлекет басшысына Президент куәлiгiн тапсырды. Осы сәттен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев қызметiне ресми кiрiсіп, алғашқы мәлімдемесін жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақта «Аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.

Қазақстанда кәсіпке кесірі тиетін тәртіп орнату тәсілі өзгеруі мүмкін. Президенттің сөзінше, бизнестің дамуына заңсыз кедергі жасағандар қатаң жауапқа тартылады. Мемлекет басшысы ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа да қол қойды. Ол халықтың 40 пайызы елді-мекенде тұратынын еске салып, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын дайындауды жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады.Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы:

Көбінесе ауылдарға жаңа жұмыс орындары қажет. Өйткені ауылдан қалаға әлі көш тоқтаған жоқ. Әсіресе ауылға барып жұмыс істейтін мықты азаматтар қаладан ауылға көшсе, біз қолдан келгенше соларға көмектесеміз.

Бұдан былай шетел асып, тіпті жиған байлығын өзге елде сақтайтындарға да сұрау салынады. Президент елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тапсырма берді. Бұл ақша азаматтардың игілігіне жұмсалатынын жеткізді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы:

Бұл нормалар менің ойымша қалай бұл активтер сыртқа шығып кетті, олардың тетіктері, алдын алу туралы. Сосын келіп жатқан активтерді қалай экономикаға жұмыс істеткіземіз, тиімділігін арттырамыз. Осы төңірегінде тапсырмалар берді. Біз оны орындайтын боламыз.

Дегенмен сыртқа кеткен капиталды қайтару бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Осылай деген депутат Аманжан Жамалов халықаралық сотта істі дәлелдеп, ақшаны қайтара алатын білікті заңгерлер көмегіне жүгіну керек деп санайды.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көп екені ол – анық. Біраз ақша шығарылды. Ол тек ғана біздің заңға байланысты емес ғой. Шетелдің заңына да байланысты. Сондықтан бұл – оңай мәселе емес. Бірақ онымен айналысу керек қалай болса да.

Президенттің пікірінше, қарапайым жұмысшы тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғам жаңарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек.

Олжас Сүлейменов, «Qazaqstan team» жастар ұйымының жетекшісі:

Еңбек адамын трендке айналдыру өте дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі кезде алдаңғы қатардағы мемлекеттер қатарына кіреміз десек, жаңа таланттар, жаңа кәсіпкерлерді шығаруымыз керек. Қарапайым қызметкерлерді, жұмысшыларды қадірлеуіміз керек деген өте жақсы.

Президент сөзін «қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын емес, аянбай еңбек ететін кез деп» шегеледі. Бастысы саяси науқаншылдыққа жол беруге болмайтынын ескертті.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу