Тараптар Сирия бойынша бірлескен мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараптар Сирия бойынша бірлескен мәлімдеме жасады

23.11.2022

Сирия келіссөзі бойынша Астана процесі, қарулы қақтығыс пен зорлық-зомбылықтың едәуір азаюына ықпал етті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов 19-шы халықаралық кездесуде осылай деді. Сонымен бірге бейбіт тұрғындарға келген зардап азайып, деэскалация аймақтары құрылғанын жеткізді. Босқындардың азат етілген аймақтарға оралуы үшін, жағдай жасалғанын айтты. Қазір тұтқындарды алмасу процесі басталған.

Әділ Тұрсынов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Қазақстан Республикасы өткен жылдары өзінің мүмкіндіктеріне орай достас Сирия халқын және реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді. Қазақстанда өткізіліп жүрген Сирия жөніндегі Астана форматы шеңберіндегі келіссөздер зорлық-зомбылықтың төмендеуіне әкелді.

Тараптар бірлескен мәлімдеме жасады. Олар гуманитарлық көмекпен қатар, Идлиб деэскалация аймағы мен оның айналасындағы жағдайды тұрақтандыру үшін, одан әрі күш салуға келісті. 2017 жылдан бері бітімгерлікті қолдайтын елдер, Сирия мәселесін ортақ талқыға салып келеді. Оның 17 раунды Қазақстанда өткен. Бүгінгі жиында Ыстамбұлда болған жарылысқа қатысты да пікір айтылды.

Ахмад Тома, Жоғары деңгейдегі келіссөздер делегациясының мүшесі:

Бейбіт халыққа зиян келтіретін кез келген жағдайға қарсымыз. Бұл террористік топтарды ешқашан кешірмейміз. Түркия одақтасымыз, бұл мәселеге қатысты дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Және алдағы уақытта мұндай жағдайдың алдын алып, тоқтатуға тағы күш саламыз деп сенемін.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу