Биыл мақта бағасы жоғары болады деген болжам ақталмады. Тиісінше, зауытқа өнімдерін өткізген дихандар әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүр. Үкімет отырысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл проблема шешіледі деп уәде берді. Ал, әріптесі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын таныстырып, Үкіметтен мақұлдауын сұрады. Бағдарлама арқылы дәрігер тапшылығын жойып, тұрғындардың денсаулығына баса назар аударамыз дейді. Министрлердің жиынында тағы қандай мәселе көтерілді?
Ала жаздай төккен тер, еткен еңбек ақталмады. Оңтүстіктің халқы дамыл таппай өсірген «ақ алтынның» пайдасын қашан көреміз деп сабылып жүр. Тіпті кейбір ауданда мақтаның құны да нақтыланбаған. Бұл бейқамдыққа Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, әлемдік нарықта сұраныс аз болғандықтан, баға да төмендеді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Биылда әлемдік нарықта шитті мақтаның сұранысы өте төмендеп кетті, бағасы да түсіп кетті. Содан 250 000 теңгенің көлемінде болып тұр. Ол тек Қазақстанда ғана емес ол барлық әлемдік нарықтағы жағдай. Жергілікті әкімдікпен жұмыс атқарылып жатыр. Бұл нарықтық заң бойынша алдағы 1-2 айдың көлемінде шешіледі.
Үкімет отырысы: Су үнемдеу технологиясын жетілдіру керек
Мақта, күріш секілді ылғал көп қажет ететін дақылдардың алаңдары қысқарып келеді. Министр бұдан еш ұтылмаймыз деген ұстанымда. Оның орнына пайдасы жоғары өнімдер егу керегін айтты. Себебі, ағынды су тапшылығы жыл өткен сайын қиын болып барады. Бұған көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелділік, қоймаларда су қоры аз жиналғаны және каналдардағы су шығынының жоғары болуы әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда суды үнемдеу технологиясын жетілдіру керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су жіберілді. Сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету объектілерінде қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор.
Үкімет отырысы: Ауылға баратын медицина мамандарының 3 жылдық тәжірибесі болуы шарт
Ал, елдің бас дәрігері «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын таныстырып, мақұлдауды сұрады. Оған 217,7 миллиард теңге керек. Мұның ұтатын тұсы: медицина мамандарының тапшылығы жойылады. Ауылға баратын медицина мамандарының кемінде 3 жылдық тәжірибесі болуы міндетті. Сонымен бірге, оларға 1 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы беріледі. Медбикелер болса, қағазбастылықтан құтылады. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша аймақтарда 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы басталған.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ауыл халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады және де инфаркт, инсульт, жарақат және басқа жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Сонымен бірге, өлім-жітім төмендейді. Мемлекет үшін халықтың өмір сүру ұзақтығын және әлеуметтік әл-ауқатын арттыру болып табылады.
Ажар Ғиният сондай-ақ, елде өлім-жітім көрсеткіші төмендегенін айтты. Жобаның оңтайлы тұсы көп екені айтылып, мақұлданды. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін назарда ұстауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеп, сонда тұрақтап қалуға мүдделі болуы керек. Жобада көзделген барлық шаралар ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.
Сондай-ақ, Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде өткен Президент сайлауы аясында Үкімет жұмысының алдағы жылдарға белгіленген негізгі бағыттарына тоқталды.
Асылбек Данияр