Қызылордада үй кезегінде тұрған көпбалалы 40 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада үй кезегінде тұрған көпбалалы 40 отбасы баспаналы болды

18.11.2022

Қызылордада үй кезегінде тұрған көпбалалы 40 отбасы бүгін баспаналы болды. Сондай-ақ, ауыл-аймақта медицина қызметін жетілдіруге 20 жедел-жәрдем көлігі табысталды. Ал шаһарда «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланды. 

Жаңадан бой көтеріп жатқан «Анаға тағзым» ғимараты қаланың сәулетіне көрік қосатын, заманауи нысан болады. Жоба құны 1,5 миллиард теңге. Оған жергілікті кәсіпкер қолдау білдіріп, өз қаржысын құйып отыр. Жалпы биыл аймақта 10-нан аса әлеуметтік жоба демеушілер есебінен қолдау тапты.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Құрметті аналар, мына жаға ғимарат уақытылы бітіп, келесі жылы жаз айларында Сіздерге табысталып, қызмет көрсетсін деген ниетіміз бар. 6-7 айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд қаражат тартылды. Бюджеттен тыс көздерден.

Көпбалалы 40 отбасы баспаналы болды

Сырдарияның сол жағалауында жаңа шаһардың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Міне, бүгін 5 қабатты арендалық тұрғын үй ел игілігіне беріліп, көпбалалы 40 отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлады.

Жадыра Жаңғабылова, көпбалалы ана:
Біз 8 жыл болды пәтер жағалап жүрдік. 2006-дан бастап кезекке тұрдық. Міне, қуанышымыз келді, жеттік Алла қаласа. Жұғысты болсын бәріне. Бақыттымыз өте. 5 балам бар.

20 жедел-жәрдем көлігі табысталды

Осы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақшыларына 20 жедел-жәрдем көлігін табыс етті. Реанимобилдердің басым бөлігі ауыл-аймаққа берілді. Жалпы жылдан-жылға аймақ медицинасына айрықша көңіл бөлініп келеді. Биыл қан орталығының іргетасы қаланса, келер жылы көпсалалы ауруха мен емхананың құрылысы басталады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу