Түркияда «Қорқыт ата» атты кинофестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «Қорқыт ата» атты кинофестивалі өтіп жатыр

05.11.2022

Түркияда «Қорқыт ата» атты кинофестивалі өтіп жатыр. Бурса қаласында түркі елдерінің басын қосқан шараға сала майталмандары қатысты. Түркі әлемінің фильм фестивалі 6 қарашаға дейін жалғасады. Осы күндері қазақстандық «Дос-Мұқасан» көркем фильмі, «Мұқағали» өмірбаяндық драмасы, «Ұлы Дала Таңы» және «Ақ боз үй» тарихи таспалары, «Еуразия билеушілері» деректі фильмі, «Мұзбалақ» анимациялық картинасы және Қазақстан мен Татарстан бірлесіп түсірген «Тарлан» картинасы көрермен назарына ұсынылады. Фестиваль аясында өткен саммитте Түркі әлемінің мәдени құндылықтарын кино арқылы көрсету, насихаттау мәселелері қаралды. Шараның басты мақсаты - түркітілдес мемлекеттер арасындағы тарихи, рухани байланыстарды нығайту, кино саласындағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ортақ жобалар жасау, кәсіби бірлікті арттыру, дейді ұйымдастырушылар.

Ахмет Мисбах Демирджан, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрінің орынбасары:

Бұл жай ғана кинофестиваль емес. Бұл түркі бауырларының басын қосу, барымызды түгендеп, жоғымызды бүтіндеу. Кино картиналар арқылы салт-дәстүрімізді насихаттау, көрсету – біздің басты мақсатымыз. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шара келер жылы Әзербайжанда өтеді.

Сондай-ақ, Бурса қаласында Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымы Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесінің 39-ші отырысы өтті. Жиында келер жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып Әзербайжанның Шуша қаласы белгіленді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу