Қырғыз елімен контент алмасу жұмысы күшеймек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз елімен контент алмасу жұмысы күшеймек

07.12.2022

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсіріп жатқан «Қорқыт ата» халықаралық жобасына қырғыздар да атсалысады. Бұл туралы Бішкекте өткен халықаралық медиафорумда айтылды. Корпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай қырғызстандық әріптесі Қайрат Иманалиевпен өзара ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Енді қос елдің ірі медиаұйымдары телехикая, деректі фильмдер мен анимациялық жобалар өндірісінде бірлесе жұмыс атқармақ.

«Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі биыл Алматы облысында басталды. Жобаға қырғыз елімен қатар Өзбекстанның «Кинематография агенттігі» де қатысады. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдеріне Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір бекітілді. Сериал келер жылдың соңында эфирге шығады деп жоспарланған.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

Екі халықтың арасындағы үлкен достықты, үлкен бауырластықты сақтау үшін бірінші кезекте бізге ортақ жобалар қажет. Қазір «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Қорқыт ата» атты тарихи сериалды түсіріп жатыр. Оған қырғыз тарапы да белсенді атсалысып, бізге қолдау көрсетіп жатыр. Белгілі, атақты манасшы Рысбай Исақов та осы фильмге қатысады деп келістік. Бұл - біз үшін де үлкен құрмет.

Биылғы қазаннан бастап «Qazaqstan» және «Balapan» Қырғыз Республикасының аумағында тарала бастады. Бұл «Balapan» мен қырғызстандық «Баластан» арналары контент алмасу бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтуге жол ашты. Енді деректі фильмдер, телевизиялық сериалдар мен анимация саласы бойынша бірлескен жобалар жүзеге аспақ.

Қайрат Иманалиев, Қырғыз Республикасы Ұлттық телерадио хабар тарату корпорациясының басшысы:

Журналистика да, шығармашылық та бір-бірімізден көріп, бір-бірімізден үйренетін кәсіп. Осы жағынан тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істесек, әріптестеріміз үшін, жалпы барлық қызметкер үшін жақсы мүмкіндік болар еді деп ойлаймын.

Биыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жалпы саны 221 бөлім болатын 17 телехикая түсірді. Оның ішінде тарихи бағытта Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова және осы Қорқыт атаға арналған сериалдар бар. Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай эфирге шығады деп жоспарланған.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу