Ресей әскері Днепр өзенінің батыс жағалауындағы Херсоннан шығарылуы мүмкін. Мұндағы Мәскеу тағайындаған билік бейбіт халықты да шығыс жағалауға көшуге үндеп отыр. Бұны осы облыстағы ресейшіл билік жетекшісі Кирилл Стремусов мәлімдеді.
Айта кетсек, Украина жауынгерлері жаздың соңына таман Херсонды қайтару үшін қарымта шабуылға кірісті. Қазір олар қаланы қоршауға әрекеттеніп жатыр. Дегенмен, Ресей қорғаныс министрлігі әзірге бұл аймақтан кету жоспарын жариялаған жоқ. Ал, батыстық сарапшылар мен Киев Кремльдің оңтүстіктен армияны шығаратынына аса сенбейді. Олардың ойынша, Ресей қарулы күштері Херсоннан кеткендей болып, украиналық сарбаздар қалаға кіргенде оларға тұтқиылдан шабуыл жасауы мүмкін.
Пентагон: Украина Херсонды қайтара алады
Пентагон басшысы Ллойд Остин болса, Украинаның Херсонды қайтарып алатынына сенетінін айтты. Ал, атын атаудан бас тартқан кейбір батыстық шенеуніктер Ресей Херсондағы командирлерін Днепрдің шығысына көшіріп, сарбаздарын қолбасшысыз қалдырып жатыр деп есептейді.
Арыстан Рысбек