2026 жылға дейін білім беру саласы түгел цифрланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2026 жылға дейін білім беру саласы түгел цифрланады

01.11.2022

Білім беру саласында цифрландыруға бағыт мықтап ауды. Алдағы 4 жыл ішінде оқушылар ауыр сөмке арқалаудан біржола арылуы мүмкін. Оның орнын - планшет басады. Қағаз аттестаттар мен дипломдар беру үрдісі келмеске кетеді. Құнды құжат QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Бүгін Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың алдағы 4 жылға арналған тұжырымдамасы бекіді.

Алдағы бірнеше жылда білім саласын біраз өзгеріс күтіп тұр. Балабақшалар мен мектептердің білім беру бағдарламалары қайта жаңғырады. Ғимараттар көптеп салынады. Сала мамандарының жалақысы тағы өседі. Одан бөлек, 2026 жылға дейін білім беру саласы түгел цифрланады. Алдымен ұстаздар мен оқушылардың жеке мәліметтері енгізілген цифрлы портфолиосы әзірленеді. Ал аттесттаттар мен дипломдар да QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Оқулықтар электронды форматта болады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкесі планшетке ауыстырылуы мүмкін.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Планшетті, әлде басқа да құрылғыларды егер бала қолданбаймын десе, ешкім ешкімге оны мәжбүрлеп жатқан жоқ. Ол тек мүмкіндік. Ол ертең мектепке барып мұғалім сабақ бермей, сабақ басқаша өтеді дегенді білдірмейді, солай ғой?! Сондықтан мұғалім кәдімгідей сабағын өткізеді, бірақ бұл қосымша құрылғы.

Министрліктегілер планшеттермен қамтудың қамына да кірісіп те кеткен. Келесі жылы 400 мың бірінші сынып оқушысын осы электронды құрылғымен қамту ұсынылды. Бірақ цифрлы салаға жауапты бас маман интернеттің әлі де әлсіз екенін айтып, көңілге күдік ұялатты. Елдегі 7 мыңнан астам мектеп интернетке қосылғанымен сапасы сын көтермейді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Еліміздің 90% мектебі, яғни 6 мыңнан астам мектеп бұл талапқа сай келмейді. Қазіргі уақытта 664 мектепте қана интернет жылдамдығы талапқа сай келіп тұр. Ал 2810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елдімекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар. Сондықтан, әкімдіктер аталған мектептерде Интернет жылдамдығын арттыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет.

Ведомство әкімдіктерге иек артып отыр. 2023 жылдың соңына дейін әр мектепте локалды желі болуы қажет. Жаңа салынған мектептер талшықты-оптикалық байланыс орнату шарт. Ал жоғары білім беруі бойынша «Цифрлық университеттің эталондық стандарты» әзірленіп, онлайн оқыту жүйесі енгізіледі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Ұсынылып отырған тұжырымдама жобасының мақсаты – әрбір азаматтың білім алуына қажетті жағдай жасау. Яғни балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Құжатта барынша жоғары мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған.

Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінде талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін тетіктер енгізілуі мүмкін. Бұл дегеніміз грант тағайындау кезеңінде жоғарыдағы критерилер де есепке алынады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сондай-ақ өмір бойы оқыту тұжырымдамасы қабылданбақ. Қазір «Арнайы кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Яғни, білім аламын деушілер ересек тіпті, егде жас та болса да барлығына мүмкіндік жасалады. Олар онлайн немесе офлайн оқи ма, модульдік курстардан өте ме өз еркі. Біліктілікті арттыру бойынша пилоттық жобаның жұмысы басталған. Бүгінде 2000-нан нан астам зейнеткер университетте біліктілігін арттырып, білімін жетілдірді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу