Басты Жаңалықтар «Қызылорда су жүйесі» мекемесі 400 кәсіпкерге берешек

«Қызылорда су жүйесі» мекемесі 400 кәсіпкерге берешек

Қызылордада қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме қарызға белшесінен батқан. Бүгінде кәсіпорын тек кәсіпкерлерге 600 миллион теңге көлемінде берешек. Бизнес өкілдері бірнеше айдан бері ақшасын сарылып күткенімен, аталған мекеме есептесуге асығар емес.

Түркістандық жеке кәсіпкер Бағдаулет Аязбай осыдан бірнеше ай бұрын су жүйесі мекемесімен келісім-шартқа отырып, 4 миллион теңгенің тауарын өткізген. Алайда, оған әлі күнге дейін ешқандай төлем түспепті. Қазір шағын бизнесі тұралап, қарызға батқан кәсіпкер не істерін білмей дал.

Бағдаулет Аязбай, жеке кәсіпкер:

Енді олар ақша төлемегенінің кесірінен біз басқа мекемелерге тауар жеткізе алмай отырмыз. Сөздің ашығы, біз алатын фирмадан жартысын төлеп, жартысын қарызға аламыз. Мына тауарды толық төлемей, келесі тауарды ала алмаймыз да. Соны төлемеуіне байланысты біз қарыз болып отырмыз.

Бұл бір ғана жағдай. Жалпы облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары аталған мекемеге қатысты арызданған бизнес өкілдері көбейгенін айтады.

Гүлнұр Құрмантаева, Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

Қызылорданың кәсіпкері «Илияс строй» ЖШС осы кәсіпорынмен екі келісім шартқа отырған. Тиісті жұмыстарын жүргізген. Актілер бекітілген. Төленетін соманың көлемі 50 миллионға жуық. «Қызылорда су жүйесі» мекемесі төлемдер уақытылы жүргізілмегендіктен осындай қиындықтарға тап болып отыр.

Қала аумағын ауыз сумен қамтамасыз ететін шаруашылық мекеме қазір қиын жағдайда тұр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Басы даудан арылмаған Қызылорда су жүйесі мекемесінің берешегі бүгінде 1 миллиард 200 миллион теңгеден асып кеткен. Соның ішінде, 400-дің үстінде кәсіпкер келісім-шартпен көзделген ақшасын ала алмай отыр. Банкрот алдында тұрған мекемені сот оңалту рәсімі арқылы қарызын кезең-кезеңімен өтеуге шешім қабылдаған.

Бірақ, мемлекеттік сатып алу арқылы қызмет көрсетіп келген кәсіпкерлер бұл жағдай бізге ескертілген жоқ деп отыр. Ал кәсіпорын қарызын өтей алмайтыны жөнінде сәуір айында сотқа жүгініп, ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Сондықтан, барлығы заң аясында жүріп жатыр дейді мекеме өкілі.

Фараби Ұзақов, «Қызылорда су жүйесі» МКМ заңгері:

Бес жылдық кезеңге жоспарларымыз жасалынды. Соттың ұйғарымымен ол бекітіліп тұр. Осыған сәйкес, бірінші кезекте еңбек жалықысы, сосын салық басқармасының алдындағы қарыздарымыз. Сосын кредиторлардың алдындағы қарыздарымызды өтеу жөнінде жоспарларымыз енгізілді.

Биыл су жүйесі мекемесі жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін өтемек. Келер жылы салық төлемі күтіп тұр. Осылайша оңалту рәсімі алты кезеңнен тұрады. Ал кәсіпкерлердің қарызы қашан өтелетіні белгісіз.

Әділбек Серікұлы


Бөлісу