Ал өзге кандидаттар емтихан тапсырады. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған Лингвистикалық комиссия жұмысын бастады. Алғашқы болып, сынақтан өткен Мейрам Қажыкен. «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар бірлестігінен ұсынылған үміткер шығарма жазды, мәтін оқып, белгілі бір тақырыпта сөз сөйлеп «4» деген баға алды. Комиссия шешімі бойынша Мейрам Қажыкен талапқа сай келеді. Тілді меңгерген.
Әділ Ахметов, Лингвистикалық комиссияның төрағасы:
Тілі жақсы сөйлегенімен орысшалау екені көрініп тұрады. Енді орыс тілінің ықпалы болады ғой. Кейбір сөздерді сөйлеген кезде «ң»-ды айта алмай қалған жағдайлар болды. Сондай кішігірім қателер бар. Бірақ тілді меңгерген. Жазба жұмысынан бәрі көрінді. Сондықтан біз оған тиісті бағасын бердік.
«Ауыл» партиясынан ұсынылған үміткер де емтиханды сәтті тапсырды. Тіпті Лингвистикалық комиссия мүшелері Жигули Дайрабаевтың қазақшасына қайран қалып отыр. Ауылдан шыққан азамат барлық сынақтан мүдірмей өтіп, «5» деген баға алды. Десе де Орталық сайлау комиссиясы оның президенттікке кандидат ретінде талапқа сай келетінін әзірге растаған жоқ.
Дихан Қамзабекұлы, Лингвистикалық комиссияның мүшесі:
Шығармасын жаза алды. Ойын жеткізді. Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. «Күшіміз бірлікте» деген тақырыпта ойын жеткізді. Комиссия қорытындысы Жигули Дайрабаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытынды жасап отырмыз.
Досжан Маратұлы