Қостанай облысындағы Ахмет және Ақкөл ауылдарындағы жол құрылысы баяу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Ахмет және Ақкөл ауылдарындағы жол құрылысы баяу жүріп жатыр

26.09.2022

Қостанай облысындағы Ахмет және Ақкөл ауылдарының жолына тұңғыш рет асфальт төселе бастады. Алайда жұмыс мандымай жатыр. Жоспарланған 41 шақырымның күні бүгінге дейін тек жартысы ғана асфальтталған. Көз ашқалы қатынастың азабын тартып келе жатқан жергілікті тұрғындар, бұл қарқынмен жөндеу жұмыстары толық аяқталмай қала ма деп алаңдайды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұылының кіндік қаны тамған бұл ауылдарға асфальт жол салу жұмысы, ұлт ұстазының 150 жылдығына орай ғана басталған.

Бұл елді мекендер облыстың ең шалғай нүктесі. Жангелдин ауданының орталығы Торғайдың өзінен 120 шақырым қашық. Соның 107 шақырымы әшейін топырақты үйе салған көтерме жол. Күн ашықта ақ шаң, жаңбыр жауса ми батпаққа айналады.

Нұрхан Шәйкемелов,ауыл тұрғыны:

Қысты күні боран. Жазда шаң тозаң. Машиналар шаңнан бір-бірін көрмей соғылып қалып та жатады. Жаңбыр жауса батпақ жүргізбейді. Көлікті де қоймайды.

Қазір екі ауылды қосқанда түтін саны 170-ке жуықтайды, адам саны мыңнан сәл асады. Тұрғындардың басым бөлігі өзге өңірлер мен үлкен қалаларға қоныс аударып кеткен.

Қанат Дәулетов, ауыл тұрғыны:

Адамдардың көшіп кететіні де осы қатынас, жолдың қиындығынан деп ойлаймын. Жол салынып бітсе, екі ауыл қайтып көркейетін сияқты. Ахмет пен Ақкөл ауылдары.

Бұл өңір мал өсіруге аса қолайлы. Туризмді дамытуға да мүмкіндік бар. Биыл Ахмет Байтұрсынұлы туған үйдің орнынан дала мұражайы салынды. Әулетінің қорымынан ұлт ұстазының кесенесі бой көтерді. Осы қорымда Ахаңның әкесі мен ағасы Қали және басқа туыстары да жерленген.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бізге жеткен деректерге сәйкес Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы соңғы рет елге келгенде, ауыл адамдарын ұйымдастырып осы кесенені тұрғызған. Сол дерекке сүйенсек мына тұрған саман қабырғалар Ахаңның көзін көрген.

Аудан басшылары биыл 41 шақырымды асфальттау жұмысы үш бөлікке бөлінгенін айтады. Бірінші бөлігі 11 жарым шақырым толық жөнделді. Қазір бұдан әрі 26-шы шақырымға дейінгі жол асфальтталып жатыр.

Шота Оспанов, Жангелдин ауданының әкімі:

Үшінші участок бойынша 26-дан 41-ге дейінгі, қаржымен қамтылған, мелмекеттік сатып алу рәсімдері жүруде. Бірақ мердігер әлі анықталған жоқ. Мердігер анықталса 26-дан әрі қарай 41 шақырымға дейін жұмыс жалғасады.

Әкімнің айтуынша, қалған 66 шақырымның да техникалық негіздемесі дайын. Ендігі мәселе келер жылғы бюджетке байланысты. Яғни қаржы бөлінсе жолды жөндеу жұмыстары осы қарқынмен жалғаса береді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу