Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығын құруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығын құруды ұсынды

21.09.2022

Мемлекет басшысы дүниежүзі елдерін мемлекеттердің территориялық тұтастығы мен егемендігінің теңдігіне құрметпен қарауға шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзі елдерін мемлекеттердің территориялық тұтастығы мен егемендігінің теңдігіне құрметпен қарауға шақырды. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясының сессиясына қатысып, әлемдік мінберден сөз сөйледі. Мемлекет басшысы дүние жүзі алдындағы сын-қатерлерді айтып, оларды еңсерудің жолдарын атады.

Шерхан Жамбыұлы, тілші:

Жаһандық парламент атанған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысы 1946-жылдан бері жыл сайын араға еш кідіріс салмай өтіп келеді. Дегенмен соңғы 2 жылда пандемия салдарынан ауқымды жиын онлайн форматқа ауысқан. Енді міне коронавирустан ес жиған әлем елдерінің басшылары мен дипломаттар қайтадан Нью-Йоркта кездесіп, биік мінберден тұтас адамзат үшін маңызды мәселелерді талқыға салмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғалары таңсық емес. Бірнеше жыл бойы ұйым төрағасының орынбасары болды. Мінберге шықпас бұрын Иордания королімен жылы жүздесті.

77-сессия жер-жиһан үшін күрделі кезеңде өтіп отыр. Шартарапты тұрақсыздық алаңдатады. Әлемнің әр түкпірінде соғыс өрті өршіп, жаһандық жүйеге қауіп-қатер төнді. Жаппай қымбатшылық пен жетіспеушілік нормаға айналып барады. Бұл ең әуелі қоғамның әлжуаз топтарына ауыр тиіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев әлем басшыларына осыдан 77 жыл бұрын жазылған ұйымының негізгі қағидаттарын еске салып, оны берік ұстануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін ұйым төрағасы Антониу Гуттериш де қолдайды. Оның сөзінше, пандемия мен кейінгі соғыстар әлем дамуын 5 жылға артқа шегеріп тастады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Бізге барлық бағыт бойынша әрекет ету керек. Бос қиялға ермейік. Біздің планетамыз қазір отқа оранып жатыр. Теңсіздік қатты өсті. Ұйымның жарғысы мен қағидаттарына қауіп төніп тұр. Қарапайым адамдар, әсіресе әлсіздер жапа шегіп жатыр. Біз шұғыл түрде әрекет етуіміз керек.

Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымы әлсіздерді қолдаушы, әлемдегі тепе-теңдік пен әділдікті қорғаушы. Даулы мәселелердің жарасын түбегейлі жазбаса да, жылымық саясатқа әсер етіп отыр. Алайда дүниедегі соңғы жағдайлар бұның жетпейдігін көрсетіп отыр. Осы ретте жаһандық ұйымды жаңғырту қажет деді қазақ басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз тек күш жұмылдыра отырып қана қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатынымызға сенімдімін. Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс.

Ал ол үшін ең әуелі аузын айға білеген елдер келісімге келіп, батыс пен шығыс ашық диалог жүргізу керек. Қазақстан қажет болған жағдайда арағайын болып, алаң ұсынуға әзір. Тағы бір өзекті мәселе ядролық қарусыздану. Дүние жұрты қазір осы аждаха қарудан бұрын-соңды болмаған қауіп сезініп отыр. Ал Қазақстан әлемді одан азат ету жолындағы жұмысын жалғастыра береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр.

Санкциялық текетірестердің салдарынан жер жүзіндегі 220 миллионнан астам адам аштыққа ұшырауы мүмкін. Қазақстан жаһандық азық-түлік дағдарысымен күресу үшін өз әлеуетін толықтай пайдалануға әзір. Біздің ел астық өндіруден әлемде жетінші орында. Осы ретте санкция қамытын бұл саладан алып тастау ұсынысы айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ біз Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды.

Президент көпшілікті жаһандық жылыну тақырыбына назар аударуға шақырды. Жер планетасын үлкен апаттардан құтқару үшін бұрын-соңды болмаған инвестиция құю қажет. Бұл орайда Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегіден бейтарап ел болуды көздеп отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал коронвирус пандемиясы әлсірегенімен, әлемнің қаншалықты әлсіз әрі қорғансыз екенін көрсетіп берді. Президент осындай жағдайдың алдын-алу үшін биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаһандық ұйым құру керектігін еске салды. Сонымен қатар Ауған еліндегі ахуалды жақсарту үшін Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталық құруды ұсынды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу