Сыр өңірінде бақша дақылдарын егуге басымдылық берілмек
Тауар өндірушілерге айрықша қолдау көрсетіледі. Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан орта шағын бизнесті қаржыландырудың жаңа тетіктері қарастырылып жатыр. Әсіресе, ауылшаруашылығын әртараптандырып, көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге басымдық беріледі. Бұл туралы облыс әкімінің бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылды.
Жалпы өңір кәсіпкерлері биыл 20 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесін алған. Қаржыландырылған жобалардың дені ауылдық елдімекен шаруаларына тиесілі. Бірақ, қолдау болғанымен оның игілігі аз болып тұр. Өйткені, аграрлық аймақ болғанымен күріштен басқа бақша, көкөніс дақылдары түгелдей сырттан тасымалданады. Сондықтан, ауылшаруашылығын әртараптандырып, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтитын кез келді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Бізде барлық мүмкіндіктер бар, етті де, сүтті де өзімізде өндіруге. Күрішіміз бар, басқа да көкөністеріміздің бәрін өзіміз өндірсек оған бізде мүмкіндік бар. Жер жетеді. Келесі жылға осы кезден дайындалу керек. Керек болса тиісті Сіздер айтып отырған қаражаттарды да қоямыз бюджеттен жеңілдіктермен оғанда. Сатып алудың да тетіктерін қарастырамыз. Қойма да бар.
Оның үстіне Сырдарияның деңгейі де жылдан жылға төмендеп, жоғарыдан келетін судың көлемі азайып барады. Биыл тамшылатып суару әдісімен 30 гектар жерге картоп, сәбіз, қант қызылшасын еккен «Ер-Әлі» шаруа қожалығы суды үнемді пайдаланып-ақ, жоғары өнім алып отыр. Жаңашылдыққа бет бұрған кәсіпкер Сыр өңірі әсіресе қант қызылшасын өндіруде мүмкіндігі мол екенін айтады.
Әліби Бекжанов, «ЕР-ӘЛІ» шаруа қожалық төрағасы:
Жалпы Жамбыл облысында қант қызылшасының қанттылығы 18 пайыз болса, бізде Сыр өңіріндегі шыққан қант қызылшасының қанттылығы 28 пайызды құрайды. Бізде мынау ауыспалы егіс жүйесінің 10 пайызына кіргізсек 35 мың гектарды құрайды екен.
Жиын барысында кәсіпкерлер кәсіпті дамытуға кері әсерін тигізетін түрлі кедергілерді тізбектеп жеткізді. Аймақ басшысы бизнес өкілдерінің талап-тілегін ескеріп, кәсіпкерлер мәселесін шешу үшін облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылатын болды.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
