2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі алдағы бірнеше жылда толық шешілмек. Ал студенттерге білім алу үшін жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын несие беру қарастырылып отыр. Денсаулық саласын да біраз реформа күтіп тұр. Ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек алу үшін ұлттық жоба әзірленбек.
Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенмен, жағдайы әлі де мәз емес. Қордаланған мәселе көп. Қаржыландыру жүйесінде шикілік жетерлік. Президент мұны ашық айтты, медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда.Бұл – үлкен олқылық.Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті.Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын.
Келер жылдан бастап ауыл тұрғындары арналған ұлттық жоба қолға алынбақ. Алдағы екі жылда ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынады. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Елдегі екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға бара алмай жүр. Орын тапшы. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды деген Президент бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін түпкілікті шешу жөнініде тапсырма берді. Ал тәрбиешілердің жалақысы артады.
Ләззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жалпы мектептег педагогтардың беледін арттырдық. Ал балабақшадағы тәрбиешілердің қай жерің кем. Олар біреудің баласын тәрбиелеуге күш салып жатыр.
Ал мектептердегі білім сапасын арттыру үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз.Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.
Ал жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалмақ. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеуі тиіс. Ал мектеп формасын алуға шамасы жетпеген отбасылардың балаларына бюджет есебінен берілуі тиіс.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Мемлекет басшысы осы үкіметтің отырысында қолайлы мектеп туралы айтты. Бұл жай мектеп салудан өзгеше жоба. Өйткені елордада көрдіңіздер. Небір мектептер салынды. Барлығы сонда оқуға ынталы. Бұл мектептерде қолайлы жағдай жаслаған. Роботехника бар. Сондықтан осындай мектептер саламыз.
Жоғары білім саласын реформалауға қатысты да бірқатар тапсырма берілді. Бұдан былай, білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі.
Раушан Сайлауқызы