Қазақстан - Норвегия әріптестікті нығайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - Норвегия әріптестікті нығайтпақ

05.07.2022

Қазақстан мен Норвегияның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл. Қос тарап сенімге құрылған серіктестікті күшейтіп, барлық салада тәжірибе алмасуға ниетті. Алыс-берісті арттырудан бөлек, екі ел мәдени-гуманитарлық қатынасты сапалы деңгейге көтеруге ниетті.

Қазақстан-Норвегияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Біздің ел Скандинавия түбегіндегі мемлекетке негізінен бидай, ауылшаруашылығы өнімдерін, түсті метал, өнеркәсіпке қажетті құрал-жабдық экспорттайды. Ал, норвегиялықтар Қазақстанға балық, пластик, химия өнеркәсібіне қажетті тауарлар мен құрал-жабдық тасымалдап отыр. Былтыр екіжақты сауда айналымы 85 млн долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қос елдің әлеуеті мол.

Еркін Ахынжанов, ҚР Норвегиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Біз Норвегияның әлеуметтік-экономикалық жобаларын, адам капиталын дамыту, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Норвегтер ақсерке балықты мұхиттардан ауламай, өздері фермаларда өсіреді. Сондықтан, бұл елдің балық өсіру технологиясын игеру де біз үшін өте маңызды.

Норвегиялықтар Қазақстанның транзиттік көлік әлеуетін пайдаланып, Батыстан Шығысқа тауарын тасымалдап, «Ұлы Жібек жолы»жобасының игілігін көрсек, дейді. Ал бізге Норвегияның жасыл энергияны дамыту тәжірибесін игеру маңызды. Корольдік қазір электр қуатының 60 пайызын осы баламалы энергия көздерінен алып отыр.

Юхан Фредрикссон, Норвегиялық компанияның басшысы:

Қазақстанның күн мен желден энергия алуға әлеуеті зор. Елдің жасыл энергияға бет бұруын қолдап, біз де индустриалды аймақтарда ауаға таралатын қалдықтарды азайту үшін осы салада біріккен жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Қытай, Ресеймен ұтымды қатынас орнатқан Қазақстанның қазір геосаясаттағы рөлі өте жоғары. Инвесторлар үшін-мүмкіндіктер елі.

Норвегия кәсіпкерлері осы уақытқа дейін қазақ экономикасына 164 млн доллар инвестиция құйған. Корольдіктің қалталылары «Астана қаржы» орталығы мен IT стартаптар технологиялық паркінің жұмысына да белсене қатысуға ниетті. Қос тарап мәдени-гуманитарлық байланысты да күшейтуге күш салмақ. Абйдың қара сөздерін норвег тілінде оқып жүрген тұрғындар биыл да қазақ мәдениетінің жауһарларымен танысудан үмітті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу