Алматыда алғаш рет «Алматы БалаFEST» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда алғаш рет «Алматы БалаFEST» фестивалі өтті

01.06.2022

Мемлекет балалардың талабын ұштап, дарынын ашуды жылдан жылға күшейте түседі. Бүлдіршіндерді халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаған Президент осылай деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы мереке қарсаңында «Алматы БалаFEST» фестиваліне қатысып, жарыс жеңіспаздарымен жүздесті.

Ақерке Бектас, тілші:
300 мыңнан аса жас қатысқан «Алматы БалаFEST» фестивалі Алматыда алғаш рет өтті. Бұл – білімге көңілі шын мейірленген дарынды өрендер. Мыңға жуығы ақтық бәсекеге дейін жетіп, жүлдеге ие болды. Балалар жылы қарсаңында өткен бұл сайыс 5 мамырда басталған. Енді міне, ботаникалық баққа жиналған жеңімпаздар Президент қолынан марапат алды.

Балаларды қуаныш пен шаттық бөлейтін мерекеде Алматының 10 шақты алаңына 5 мың бала жиналды. Ботаникалық бақтың өзіне бір ай бойы байқауға қатысқан әртүрлі жастағы мыңға жуық бүлдіршін келген. Мемлекет басшысы «Алматы БалаFEST» фестивалінің үздіктерімен кездесіп, балалардың еңбегін жоғары бағалады.

Балалар бұл жолы кітап пен өлең оқудан да бәйгеге түскен. Жарыста 65 мың оқушы бір ай бойы бақ сынады. 82 үздік жас жеңіске жетті. Соның бірі – Шут Михаил. 11 сыныпты аяқтаған жеткіншек қазақ тілін өз ортасына кеңінен насихаттап жүр. «Қобыланды батыр» жырын мүдірмей жатқа айтады. Арманы – Президенттің қолтаңбасын алу.

Ал жарыс жеңімпазы Нұрилә Тәжіқұл 30-дан аса өлеңнің авторы. Қаршадай қыз қалалық, республикалық сайыстардың үздігі. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» желісімен өлең жазып, мыңдаған баланың арасынан үздік шықты.


Нұрилә Тәжіқұл, фестиваль жеңімпазы:

Менің кітапшам бар. Арнайы осы фестиваль үшін «Қазақтың Құлагері» деген өлең шығарған болатынмын. Қазақстанды дамытатын, Қазақстанның медициналық деңгейін жоғары көтеретін білікті дәрігер болғым келеді.

Қазақстанда шахматтан ел намысын қорғап жүрген ойы жүйрік жас көп. Талабы таудай балалардың жеткен жетістігі де аз емес. БалаFEST фестивалінде олар да оқ бойы озық шықты. Бірақ сол таудай талаптың артында өлшеусіз еңбек пен күш жатыр. Оларға қолдау керегін Президент бұған дейін де айтқан. Бүгін алаңға келген үздік халықаралық гроссмейстерлермен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық турнирдің жеңімпаздарымен синхронды шахматтың ашық сессиясында ойынды бастап берді.

Саябақта робот құрастырып, инновациялық бағдарлама дайындаған болашақ IT мамандары да жүр. Қазір балаларды жасанды интеллект аса қызықтырады. Бір дерек, қалалық сайыстың өзіне 30 мыңнан аса оқушы робот құрастырған. Жүлделі болған 90 қатысушының бірі – Дэниел Ким. Робототехника бойынша әлем чемпионы Президентке ағылшын тілінде жобасын таныстырды.

12 жастағы Шымыр-Сұлтан қоқысты қайта өңдейтін бағдарлама дайындаған. Жас өнертапқыш электромобильді өзге елден емес, өзімізден құрастырып, нарыққа шығаруды армандайды.

Шымыр-Сұлтан Бейшен, фестиваль жеңімпазы:
Болашақта инженер болмақпын. Арманым – өз елімізді, жерімізді қоқыстан босатып, экологиялық проблемадан шығу. Қазақстанда инженерлер бар, бірақ өнім аз шығарылады. Болашақта өз елімді дамытып, биікке көтергім келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының символы алманың пішінінде жасалған экспозицияға қолтаңбасын қалдырды.

Дұрыс тәрбие мен білім алған бүгінгі бала – ертеңгі ел қорғайтын азамат, білікті дәрігер, сауатты ұстаз. Оларға ден қойып, маңыз берудегі мақсат осы. Тек жалаң ұранға ермей, нақты іске көшуді Президент бұған дейін де тапсырған. Мереке қарсаңында ғана емес, үнемі еске сақтайтын шарт. Өйткені баланың бақыты бәрінен биік.

Хабарламаларға жазылу