Елімізде 2035 жылға қарай энергия тапшылығы 40 %-ға жетеді. Бұл туралы Алматыда Атом электр станциясы құрылысының экономикалық аспектілерін талқылау жөніндегі дөңгелек үстелде айтылды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда Атом электр станциясы салынуы мүмкін. Әзірге жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін әлі талқыланады. Десе де, станция құрылысын жүргізуге Балқаш таңдалған. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзінше, бұл аумақ бұрыннан, кеңестік кезеңнен бері тыңғылықты зерттелген. Мамандардың сөзінше, станцияның дайындық жұмыстарына шамамен 5 жыл уақыт кетеді. Ал құрылыстың негізгі кезеңі 6 жылға созылады. Жобаны іске асыру мерзімі шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жыл ішінде жүзеге асады. Егер келесі жылы реактор жеткізушісі анықталса, 2035 жылы АЭС пайдалануға берілмек.
Алмас Саухимов, АЭЖБУ ғылыми инновациялық қызметі жөніндегі проректоры:
Бізге қазір электр станциясы ауадай қажет. Себебі, алдағы 10 жылда электр қуаты айтарлықтай азаяды. Қазір энергияның жаңа балама көздерін қарастырып жатырмыз. Энергияның қай түрі болады? Бұл екінші мәселе. Өйткені атом энергиясы бар, газдан, көмірден өндіру және балама технологиялар бар. Мұның барлығы керек. Біз сол арқылы ғана 2050-2060 жылдарға дейін электр қорын жасақтай аламыз.
Қуан Нұрақын