Ұлттық статистика бюросы: Халық 52,8 процентін азық-түлікке жұмсайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық статистика бюросы: Халық 52,8 процентін азық-түлікке жұмсайды

22.05.2022

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мынадай мәліметі бар: біздің халық жалақысының жартысынан астамын, дәлірек айтсақ, 52,8 процентін азық-түлікке жұмсайды. Әлемнің «ең кедей» деген Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде дәл осындай көрсеткіш. Тапқаны тамағынан аспайтын адамдар үшін баспана да, көлік те жүрген сайын алыстап, алдап тұратын сағымға айналғандай... 

Зәмзәгүл Уәлиева ас-ауқатқа қажет азық-түлікті күнделікті аз-аздан әкеп отырады. Толтырып тауар алуға табыс жетпейді. Қалаға қатынап жұмыс істейтін отағасының айлығы аз – 80 мың тг. Бес балаға төленетін 50 мың теңгеге жуық жәрдемақы – кенже егіз қыздардың жөргегі мен басқа да керек-жарағынан аспайды.

Зәмзәгүл Уәлиева, Жаңаесіл ауылының тұрғыны:
Бәрі қымбат. Жетпей де қалады, айлығымыз. Жолдасым жалғыз істейді. Мына ауылда танығаннан кейін дүкендерден қарызға аламыз.

Елордадан 60 шақырым қашықтағы бұл ауылда дүкендерге көбі қарыз. Қымбатшылық тұрмысымызды нашарлатты дейді тұрғындар.

Серікжан Ысқақова, ауыл тұрғыны:
Қарызымызды осылай жаздырып қоямыз. Керегімізді аламыз. Сосын пенсиямызды аламыз да береміз. Пенсия бергеннен кейін қайтадан қарызға кіреміз...

Қазір қарыз дәптері тез толады – екі айда бір ауыстырамыз дейді ауылдағы дүкен иесі. Себебі халықтың тамаққа жұмсайтын шығыны көбейген. Ал табысы бұрынғыдай. Қарызға жаздырмағанда қайтеді?!

Таңат Марат, дүкен иесі:
60 мыңмен күн көріп жатқандар бар, осы ауылда. Зейнетақыда отырған ата-апалар бар. Сол кісілер келгенде біз қолдан келгенше көмек береміз. Осындай кітапшамыз бар. Міне, осылай жазылады. Мынау қайтарып бергендер.

Дүкенші жыл басынан бері азық-түлік өнімдері кемінде 20-30 пайыз қымбаттағанын айтады.

Ал ресми мәлімет бойынша, қаңтардан бері әлеуметтік маңызы бар азықтың бағасы 15,3% өскен. Ең көп қымбаттағаны – қырыққабат. Өсім – 80%-дан артық. Сосын пияз – 71,5%. Қант бағасы 50%, картоп пен сәбіздікі – 40% көтерілген. Қарақұмық 17% қымбаттапты. Ал Ауыл шаруашылығы министрі біздегі баға әлдеқайда тұрақты деді, Иранда азық-түлік 300% қымбаттап жатқанын мысалға келтіріп.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Үкіметтің кешенді шешімдерінің арқасында біз көптеген тауар түрі бойынша тұрақтылықты сақтап қалдық. Былтыр картоп осы уақытта 500 тг болып кеткені естеріңізде ғой?! Ал биыл көтерме саудадағы бағаны 150-170 тг деңгейінде ұстап тұрмыз. Сұйық майды мысалға алайық. Барлық елде 2-3 есе қымбаттап жатқанда, біз бір бағаны сақтап қалдық. Бірақ фермерлердің де шығыны көбейіп жатқанын ескеру керек. Сондықтан біз оларды «бағаны түсір» деп күштей алмаймыз.

Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін «айналым схемасы» құралына бөлінетін қаражатты 100 млрд теңгеге жеткізбек. Алайда өңірлер осыған дейін бөлінген қаржының өзін игере алмай жатқан көрінеді. 30 млрд теңгеге жуық ақша азық-түлік алу жөнінде форвардтық келісімшартқа жұмсалудың орнына әкімдіктерге қарасты ұйымның шотында құр жатыр.

Әлішер Өмірзақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
Маусымаралық кезеңде болатын ажиотажды болдырмау, бағаның күрт өсуін туындатпау мақсатында жасалатын келісімшарт. Осы арқылы, мысалы, дүкен мен егіншілер арасында келісім болады. Олар қазір ақшаны алу арқылы егін егеді және алдын ала келісілген бағада, халыққа қолайлы бағада беруге міндеттеледі.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қаншама субсидия бөлініп жатса да, азық-түлік бағасына келгенде оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмейтініне наразы. Субсидиялау жүйесі – бюджет ақшасын жай ғана таратып беретін рәсімге айналды дейді.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Бұл проблеманы шешу үшін +өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажет. Бұл ретте форвардтық келісімшарттарға аванс беру есебінен ауылдағы тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыру мәселелері де бір мезгілде шешіледі.

Қымбаттап жатқан азық-түлік қана емес. Сан рет сюжет жасадық: коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмектің бағасынан бастап, көлік пен үйдің құнына дейін аспандап тұр. Сондықтан ақшасын ішіп-жемге жеткізе алмай отырған Зәмзәгүл Уәлиеваның отбасы үшін баспана – қол жеткізбес арман. Жұбайы ауған соғысының ардагері ретінде елорданың үй кезегінде тұр. Бірақ соның жылжитын түрі жоқ.

Зәмзәгүл Уәлиева, Жаңаесіл ауылының тұрғыны:
Қалада 14 жылдан асты квартираға кезекте тұрғанымызға. «Шаңырақ» деген бағдарламаға да қатыстық, жылда қатысамыз, «Нұрлы жер», бәріне. Доход жетпей қалады. Ал былай жинап алу деген мүмкін емес. Қала түгіл ауылда да үй ала алмайсың. Баспананың бағасы шарықтап тұр.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, осы сәуірде жаңадан салынған үйлер былтырғы сәуірдегіден 20%, ал қолдан алынған пәтерлер 28% қымбатырақ бағаланған. Пәтерді жалға алу құны да 22% өсіпті. Тұрғын үй мұншалықты қымбаттамаса біздің кейіпкер бес баласымен туыс жағалап, ауылға көшпес еді-ау... Баға осымен тұрақтанайын деп те тұрған жоқ...

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы:
Көп материал шет елден валютаға сатып алынады, оның бәрі қымбаттап келіп жатыр. Ал құрылыс материалының бағасы шаршы метрдің бағасына әсер етпей қоймайды. Себебі үй құнының 55-60 пайызы құрылыс заттарының бағасынан құралады. Жыл соңына дейін пәтер бағасы 20 пайызға өседі деп болжап отырмыз.

Бас қайғысы – баспана болған Зәмзәгүл Уәлиева жеңілдетілген автонесие алу үшін салондарды дүрліктірген жұртты онша түсінбейді...

Зәмзәгүл Уәлиева, Жаңаесіл ауылының тұрғыны:
Азық-түлікке, балаларға әрең жеткізіп жатқанда, көлік туралы мүлдем ойламаймыз да. Аз мөлшерде болса да қымбат қой көлік алу деген.

Әлеуметтанушы қымбатшылық – азаматтарды ашындыратын фактор дейді. Себебі елдегі инфляция экономикалық мәселенің шегінен шығып, әлеуметтік мәселеге айналып кеткелі қашан?!

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:
Сауалнамаларға қарасақ, қымбатшылық деген қазақстандықтар үшін нөмірі бірінші проблема. Адамдар өзінің тұтынуын шектейді деген сөз. Адамдар алдымен өзін дамытуға салатын қаржыны азайтады, яғни білім беру, денсаулық сақтау және демалыс. Экономикалық кез келген қиыншылықтар қоғамдық наразылықтарға лайықты фон тудыртады.

Ал экономист қымбатшылық кедейліктің одан бетер ушығуына әкелетінін айтады. Сондықтан Үкімет халықтың табысын арттыруға күш салуы керек дейді.

Мақсат Халық, экономист:
Қазірдің өзінде біз осындай қымбатшылық көріп отырсақ, күзге қарай бұл жағдай одан ары ушығуы мүмкін. Халықтың табысы жыл соңына дейін өседі деген тапсырмалар бар. Ал бірақ қымбатшылық қазір болып жатыр. Оның артынан табыс қуып жетем дегенше қанша уақыт өтеді? Сондықтан, менің ойымша, қазір Үкімет әлеуметтік осал топтағы азаматтарды салықтан босатуға болады. Алты айға дейін. Сол кезде бірден эффект болады.

Ал Зәмзагүл Уәлиеваның отбасы сияқты мұқтаждар үшін азық-түлікті бір айға толтырып аларлық табыс қосыла қояр ма?.. Қашанғы күнбе-күн қарызға жаздырып ала бермек?..

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу