Биыл еліміздің шығысында қуаңшылық болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл еліміздің шығысында қуаңшылық болуы мүмкін

19.05.2022

Биыл еліміздің шығысында қуаңшылық болуы мүмкін. Көктемнен бері өңірдегі кейбір аудандарда әлі бір тамшы тамған жоқ. Сондықтан шаруалар егіс жұмыстарын жылдағыдан ерте бастады. Алайда ылғалдың аздығынан еткен еңбек еш кете ме деп алаңдаулы. 

Жауынның аздығынан кейбір алқаптар 10 сантиметрге дейін құрғақ. Оған қоса өткен қыста қар да аз болды. Сондықтан шаруалар ылғал жауып үлгеру үшін биыл көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдан екі апта ерте бастады. Бірақ оның да нәтижесі шамалы болып тұр.

Анатолий Качаров, шаруа қожалығының технологы:
Биыл жерде ылғал аз екенін қыстың соңында-ақ білдік. Сондықтан қар кеткен бойда егіске кірістік. Ылғал жабу жұмыстарын да тез атқардық. Күзде өнімнің түсімі, жаздағы жаңбырға байланысты.

Жаздың жаңбырсыз болатынан ауа райын болжау орталығы мамандары да ескертіп отыр. Осыған алаңдаған дихандар өздері қам жасай бастады. Бес мың гектар жерге бидай, арпа, қарақұмық пен күнбағыс өсіретін бұл шаруашылық ылғалды сақтайтын технологияны енгізіпті. Сұйық тыңайтқыш жерді құрғатпай, егін көтерілгенше ылғалды ұзақ ұстайды.

Тарбиз Фараджев, шаруа қожалығының басшысы:
Бұл тыңайтқышты құрғақ күйінде салмаймыз. Арнайы сатып әкелген инжектордың көмегімен топыраққа сіңіреміз.Яғни өсімдік тамырланып, бой көтергенше ылғал болады. Буланып ұшып та кетпейді. Мұның тиімділігі өте жоғары.

Тиімділігіне көз жеткізген шаруашылықтар былтырдан бері осы технологияға біртіндеп көшіп жатыр. Өйткені өңірдегі егіс алқабы мол аудандардың барлығы жауынға тәуелді.

Биыл өңірде 1 миллион 393 мың гектар жерге дән егілмек. Негізінен бидай мен арпа және күнбағыс, аздаған жүгері бар.

Диляра Жылқайдарова, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Тұқым мөлшері , минералды тыңайтқыштардың сатып алынғаны барлығы дайын. Егістің өткізілу уақыты қолайлы климаттық жағдайларға байланысты 1- маусымға дейін аяқтаймыз деген жоспарда болып отыр.

Көктемгі егістіктікті ойдағыдай аяқтау үшін биыл облысқа жеңілдетілген бағамен 33 мың тонна жанар-жағарамай бөлінді. Тыңайтқышта жеткілікті. Енді шаруалар тек жаңбыр тілеп отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу