Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Сыр өңіріне барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Сыр өңіріне барды

11.05.2022

Бүгін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Сыр өңіріне барды. Жұмыс сапары аясында аймақ активі мен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері және жастармен кездесу өткізді. Онда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен алдағы жалпыхалықтық референдумға қатысты көппен ашық ой-пікір алмасып, келелі ұсыныстар ортаға салынды.

«Жаңа Қазақстанның» саяси реформасының бағыт-бағдары әділетті қоғам қалыптастыруды көздейді. Соған сәйкес, Ата заңға біршама өзгертулер енгізу мәселесі бүгінде елдің қызу талқысына түсіп жатыр. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Конституциядағы түзетулерде адам құқықтарының теңдігі, демократия қағидаларының сақталуына басымдық берілгеніне айрықша тоқталып, нақты мысалдар келтірді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Бұл реформалар өздеріңіз білесіздер өте ауқымды. Ата заңымызда 98-бап бар болатын болса, соның 33-іне өзгерістер енгізілейін деп отыр. Яғни, 3/1. Мәселе, тек сан жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да, өте терең өзгерістер. Себебі, ең басты бір сөзбен айтатын болсақ, билік тармақтары арасындағы тең қарым-қатынас орнату.

Жалпы сарапшылар мен қоғам қайреткерлері, соның ішінде ұлттық қоғамдық сенім мүшелері Конституцияға енгізуге ұсынылған заң нормаларын жан-жақты талқылап, сүзгіден өткізген. Дегенмен, Президент Ата заңды Парламент қабырғасында емес, халықтың таңдауына салуды ұсынды. Яғни, мемлекеттің басты құқықтық құжатын билік емес, ел тұрғындарының қабылдауы «Жаңа Қазақстанның» жарқын көрінісі, дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

Мұрат Әбенов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Осы уақытқа дейін Конституциялар билік тек қана Парламент арқылы өткізді. Парламент арқылы өзінің билігін күшейту үшін. Мына Конституция керісінше болып жатыр. Халықтың билігін күшейтеді. Билік басындағы өзара бөлініс басқаша жасайды.

Аймақтың зиялы қауым өкілдері де алдағы жалпыхалықтық референдумнан ел үлкен үміт күтіп отырғанын жеткізді.

Мұхтар Ниязов, Айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері:
Мемлекеттік басты байлығы адам. Адамның басты байлығы ол сенім деп ойлаймын. Ал осы жерде Референдум халыққа, билікке деген халықтың сенімін қайтарса, бұдан үлкен пайданы көріп тұрған жоқпын. Өйткені, осы сенім үлкен алдағы жетістіктерге жетелейді деп ойлаймын.

Мемлекттік хатшы бастаған топ облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, аймақ жастарымен де кездесіп ашық ой-пікір алмасты. Сайып келгенде Сыр жұртшылығы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдап, жаңа реформаларға зор сенім артып отыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу