Ауыл әкімдерін сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілгеніне бір жыл толды
Ауыл әкімдерін сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілгеніне бір жыл толды. Батыс Қазақстан облысында былтыр 42 ауыл әкімі жаңадан сайланған болатын. Халық қалап, таңдап қойған басшылар қалай жұмыс істеп жатыр?
Жеткіншектер «мейірімді адам» деп сипаттаған Жаңажол ауылдық округінің әкімі – Айбек Ишановты былтыр халық қалап, бірауыздан әкім етіп сайлап алған.
Самал Болаева, тұрғын:Ауыл әкімін танимын. Көңіліміз толады, жақсы. Ауылымызды көркейтіп жатыр. Ризамыз. Су келіп тұр, газ келіп тұр. Интернет бар.
Зоя Нәсиқызы, тұрғын:Олқылықтар көп-ақ. Жаңа әкім енді түзейді деп ойлаймын. Жас, ауылдың баласы. Бізде жол мәселесі, жайылымдағы су мәселесі, жер мәселесі бар.
Ауылдық округте 1500-ге жуық адам тұрады. Жаңа әкім – бұрын мұғалім болған, әрі қазақ күресінің бапкері.
Айбек Ишанов, Жаңажол ауылдық округінің әкімі:Ауылдың ақсақалдары, ауылдың үлкендері сайлауға түсіңіз, ел болып қолдаймыз дегесін, сайлауға түстік. Ең басты мәселеміз – жол болып тұр. Ауылымызды көркейтсек деген ойымыз бар. Көшелерімізге техникалық су тартып, аулаларға бау-бақша салғызсақ деген жоспар бар.
Ауылда сәулетті мәдениет үйі, ескілеу болса да ойын алаңы, саябақ бар. Елді мекенді бұдан әрі көркейтуге қаражат қолбайлау, дейді әкім. Салық түсімдері өздерінде қалғанымен жол, суармалы жер мәселесін шешуге ол қаржы жетпейді.
Ауыл әкімінің қызметі 50 бағытты қамтиды. Сол бойынша халықты жұмыспен қамтиды, коммуналдық-шаруашылық түйіткілдерін шешеді. Тек кабинетте отырмай, ел-жұртпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды.
Ауыл әкімі өзі 16 жыл қызмет еткен мектебіне де жиі бас сұғады. Бапкер бос болмаса, бала жаттықтыруға білек сыбанып, белін буып, өзі кірісіп кетеді. Боз кілемде ғана емес, саяси додада да қарсыластарынан басым түскендердің тек төрттен бірі - Айбек Ишанов секілді өзін-өзі ұсынғандар екен.
Күнсәуле Аралбекова, Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы:Былтыр облыста 42 әкім сайланды. Солардың 31-і – партиялардың атынан, 11-і – өзін-өзі ұсынғандар. Ең бірінші сайлауымыз шілдеде өтті. Әбден тіркеліп, бюлетеньге енгізілгендердің ішінде барлығы 114 кандидат болды.
Талай өнер, спорт жұлдызы түлеп ұшқан, бірлігі бекем ауыл жұрты әкімін қолдап отыр. Қай мәселені де кеңесіп шешеді. Ауыл азаматына сенім артады.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
