Қызылордадағы II дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлердің ұрпағы «Жеңіс» саябағында майдангерлер есімі жазылған тақта қоюды сұрайды. Жалпы облыс бойынша майданға 150 мың адам аттанса, соның 30 мыңнан астамы қайта оралмады. «Сұм соғыста қаза тапқан боздақтардың ерлігі ұмытылмаса», - дейді тұрғындар.
Еңбек ардагері Айшагүл Күзембаева алғаш рет соғыс жауынгерінің қызы ретінде сый-құрметке бөленіп отыр. Ол бұл күнді жылдар бойы күтті. Өйткені майдан даласында із-түссіз кеткен әкесінің бейітін араға 79 жыл салып биыл тапты. Зейнеткер былтыр Ұлттық арнаның «Қымбат жандар» бағдарламасына сұрау салған. Көп ұзамай арман-тілегі орындалып, редакторлар соғыста қаза тапқан Әділбек Күзембаевтың қайда жерленгенін анықтап берген.
Айшагүл Күзембаева, Еңбек ардагері:
Сіздің әкеңіз аяғынан жарақат алып, сол жарақатынан қайтыс болған деп жазған. Келер деп күттік. Анам келер деп өлгенінше күтті.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана жыл басында Украинаға аттанып, бауырластар зиратына жерленген әке топырағын туған жерге әкелді. Бірақ «Жеңіс» саябағына келген сайын көңілі құлазиды. Тағзым алаңына Кеңес Одағының Батырларымен қатар, сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтардың есімдері жазылған ескерткіш тақта қойылса дейді.
Айшагүл Күзембаева, Еңбек ардагері:
Біздің артымызда қанша ұрпақ бар. Мен айтып отырамын, әкем соғыста қайтыс болды деп. Ең болмаса мына жерге келген кезде солардың аты-жөндері қара тасқа жазылып барлығы тізіліп тұрса... Біздің әкеміз туған, біз үшін жанын пида етіп, соғыста қайтыс болды. Елге оралмады деп еске алып тұрар еді.
Биыл Жеңістің 77-ші көктемі. Отан үшін оқ пен оттың ортасында қан кешіп, ерлікпен қаза тапқан есіл ерледің есімі жазылған қара тас тағзым алаңына қашан орнатылатыны әзірге белгісіз. Жергілікті билік боздақтардың тізімі әлі жинақталып жатқанын айтады.
Нұрсұлтан Әбілдаев, қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
Бізде ол тізімдер боздақтар кітабында бар, тарихи деректерден, архивтерден біз әлі де жинақтап нақтылап жатырмыз. Қосымша қосылып жатқан, нақтыланған тізімдер болса қосып тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз.
Әлемге бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлердің қатары жылдан-жылға сиреп барады. Бүгінде өңір бойынша жеті қарт майдангер бар. «Батырлардың ерлігі көзі тірісінде ғана емес, мәңгілік ел жадында сақталса игі болар еді», - дейді ұрпақтары.
Әділбек Серікұлы