Атырау облысы Жылыой ауданындағы дарынды оқушылар талапқа сай келмейтін мектепте тұрып, оқуға мәжбүр. Білім ошағында кең жатақхана мен асхана, тіпті жуынатын бөлме де қарастырылмаған. Әрі лицейдің 10 шақты жылдан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпегені мәселені одан бетер ушықтырып тұр.
2009 жылы орта мектеп ретінде ашылған білім ошағы 5 жылдан кейін дарынды балаларға берілді. 100 оқушыға шақталған ағарту ордасында қазір 230 ұлан оқиды. 50-і Атырау қаласынан қатынайды. Сондай-ақ 32 мұғалім жұмыс істейді. Бір өкініштісі, оларға жасалған жағдай сын көтермейді. Нысан талапқа сай емес. Ғимараттың өзі тозып тұр. Салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген. Құбыр жүйесі әбден ескірген. Мектеп әкімшілігі жылда артық шығынға батып, бүлінген жерлерді өздері жөндейді. Алайда жамап-жасқағаннан келіп-кетер пайда аз. Сылақтар сыпырылып түсіп жатыр. Мұнда арнайы жатақхана да жоқ. Соның кесірінен ғимараттағы 25 сыныптың 14-і, яғни 3-ші қабат түгелдей жатын бөлмеге айналған. Бір кабинетте 16 бала жатады.
Ұлықбек Жүнісходжаев, Жылыой дарын лицейінің директоры:
Көп баланың 1 бөлмеде қалуы олардың тынығып, ертеңгі күнгі сабағына нық дайындалуына кедергісін келтіріп жатыр.
Асхананың да оңып тұрғаны шамалы. Балалар күніне 5 рет 2 ауысыммен тамақтанады. Құрылғылар тозған. 4 тоңазытқыш істен шыққан, ал 1 пеш 2 жылдан бері жұмыс істемейді. Бас аспаздың осы мәселелерді айта бастағаны сол еді, онысы директорға жақпай қалды.
Мектепте балалар жуынатын бөлме де жоқ. 230 оқушы қолдан жасалған 10 душ кабинкасына суға түсіп жүр. Санитарлық талап ақсап тұр. Мәселе мұнымен шектелмейді. Мектеп айдалада орналасқан. Қатынас жағы қиын, жол жоқ. Әрі ғимараттың ауласында балалар демалысы үшін ешқандай жағдай жасалмаған.
Диар Мақсотов, Жылыой дарын лицейінің 10-сынып оқушысы:
Жол мәселесі бұл жерде қиын жағдайда. Такси осы жолға байланысты келмейді. Көбі қымбат сұрайды. Жалпы сабағымыз жақсы.
Мектепті бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 млрд 600 млн теңгедей қаржы керек.
Халел Жамалов, Жылыой ауданының әкімі:
Жасыратыны жоқ, ішкі жағдайы нашар. Жөндеуді қажет етеді. ЖСҚ-сы дайын тұр.
Жауаптылар осы жазда жөндеуді бастаймыз деп уәде беріп отыр. Демеушілер есебінен 300 орындық жатақхана салып беру де жоспарланған. Бірақ нақты қашан екені белгісіз. Егер негізгі жұмыстар тағы кейінге қалатын болса, онда «Білім инновация» қоры мектептегі таңдаулы деген үздік 22 ұстазды алып кететінін ескерткен.
Жандос Темірғали