Арал аумағында 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал аумағында 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егіледі

22.02.2022

Қызылорда облысының Арал аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егіледі. Алайда, былтыр теңіздің құрғаған табанына әуеден тұқым себілмей қалды. Мемлекеттен қыруар қаржы қаралған эко-жобаны мамандар қалай жүзеге асырмақ?

Арал төңірегіндегі 100 мың гектар жердің 64 мыңына ұшақ арқылы сексеуіл тұқымын себу көзделген. Бірақ, бұрын-соңды мұндай істі қолға алмаған орманшылар бұл әдістен бас тартты. Ал қаржысы мемлекетке қайтарылды. Дегенмен, мамандар қарап қалмай, техниканың көмегімен жоспарды орындады.

Исатай Әбдіразақов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

11 трактормен механикалық түрде екі қатарлы тұқым себу машинасымен екі қатарынан қолмен себілді. Мехникалық себудің тиімділігі сепкен тұқым нақ өзінің тырмалаған жердің үстіне түседі ғой. Сондықтан ол тиімді болады деп есептейміз.

Ал эколог журналист Айткүл Шалғынбаеваның пікірінше, эко-жобаға атүсті қарамай шөлейтті жерге өсімдік өсіруге ғылыми тұрғыда негіз қажет. Аңқасы кепкен теңіздің ұлтанына сексеуіл тұқымын әуеден себу - мемлекет қаржысын құр желге шашу деп есептейді ол.

Айткүл Шалғынбаева, эколог-журналист:

Яғни ұшақтан жерге шашылып түскен тұқым, жерге жерсінуі керек қой. Көктеу керек. Ал ол көктеу үшін қар немесе жаңбыр суы керек. Ал енді Арал аймағының шөлейтті қазіргі күні құмға айналған алаб екенін ескеретін болсақ, ол кезде суды қайдан алады?

Жалпы Үлкен Аралдың құрғаған аумағының 2,2 миллион гектар аумағы Қазақстан территориясына тиесілі. Теңіздің табанынан ұшатын тұзды-шаңды тоқтатудың бірден бір жолы сексеуіл секілді шөлге төзімді өсімдік егу. Биыл жергілікті орманшылар 250 мың гектар аумаққа тұқым сеппек.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бұрынғы теңіздің сор басқан топырағына өсімдік өсіру өте күрделі процесс. Орманшылардың айтуынша, сексеуіл тұқымын қолмен еккенің өзінде шығымдылық 40 пайыздан аспайды деп отыр. Ал тұқымды әуе арқылы себу қаржылық жағынан тиімсіз. Әрі шығымдылық тіптен төмендеп кетеді. Сондықтан, бұл эко-жобаны жүзеге асыру үшін әлі де тиімді әдіс-тәсіл ойлап табу керек, дейді мамандар.

 Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу