Қызылорда облысында құсбегілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында құсбегілер сайысы өтті

21.02.2022

Сыр өңірінде құсбегілердің 15-ші республикалық чемпионаты өтті. Көк тағысын қолға үйреткен 70-ке жуық саятшы Қарт қаратаудың баурайында сайысқа түсті. Ата-бабадан мирас болып жеткен ұлттық спорт додасын тамашалап қайтқан әріптесім Әділбек Серікұлының репортажы.

Шығыс Қазақстандық Тәттімбет Кәпұлы құсбегілікті жанына серік еткен азамат. Оның Қарагер атты бүркіті былтырғы саятшылар чемпионатында топжарған. Сырдағы сайысқа да қанаттысын баптап әкеліпті.

Тәттімбет Кәпұлы, құсбегі:

Осы чемпионаттың міне 15-ші болса, 6-7 чемпионатқа қатысып келе жатырмыз. Біздің Шығыс Қазақстанда қазір 20 құсбегі бар. Қазіргі жастарымыздың қаршыға, сұңқар ұстап біздің артымыздан ілесіп жүргеніне біз қуанамыз.

Жалпы Қарт Қаратау етегіндегі республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық құсбегі жиылды. Додаға қатысушылардың алдымен ұлттық нақыштағы киімі, құстың жабдығы бағаланды. Мұнан соң, қолға қондыру, шырға тарту секілді саятшы мен қыран құстың бабы сараланды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Менің қолымда Ақсұңқар атты Тарбағатай тауының сұңғыла бүркіті. Жердегі қыбырлаған аңды қалт жібермейтін қыран құс талай саятшылар сайысында олжа салған. Қазір де томағасын шешсең, түлкі мен қоянды іліп әкетуге дайын тұр. Жалпы Сыр өңіріндегі біріншілікте бүркіттен бөлек, қаршыға, сұңқар секілді жыртқыш құстар жүлдеге таласуда.

Жылдан жылға құсбегілердің қатары артып келе жатқаны қуантады. Бұрын жыртқыш құс баптайтын саятшылар таулы өңірлерде ғана болса, қазір оның географиялық ауқымы кеңейген. Бүгінде еліміз бойынша 200-жуық құсбегі бар.

Базарбек Күнтуғанұлы, аға жаттықтырушы :

Қазір айтатын болсақ, Маңғыстау облысының өзінде қазір өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Шығыстың өзінде де құсбегілер аз болған болатын. Осы Қызылорда облысында құсбегілер жоқ болған. Биыл шығып жатыр мұнда. Осы облыста құсбегілер дамиды деген ойдамыз.

Жарыстың екінші күні қан қыздырар салбурында қанатты жыртқыштардың аң аулаудағы шеберлігі сыналды. Бүркітшілер сайысында атыраулық Ақберен Құрманалиевтің қыраны олжа салуда алдына жан салмай біріншілік жеңімпазы атанды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу