Еуропада карантиндік шектеулерге қарсы шеру өтуде
Еуропада карантиндік шектеулерге қарсы ереуілдер толастамай тұр. Жексенбіде Бельгия астанасы Брюссельде мыңдаған адам шеруге шығып, Ковид сертификатқа, міндетті вакциналауға наразылықтарын білдірді. Қазір Бельгия саясаткерлері медицина қызметкерлеріне екпе алуды міндеттеу мәселесін талқылап жатыр. Бұған жол бермеу үшін тұрғындар үкіметпен ашық айқасуға дайын екендерін айтуда. Нұрсұлу Қасымның репортажы.
Нұрсұлу Қасым, тілші:«Бостандық үшін біріккен еуропалықтар»ұйымының бұл соңғы екі айда ұйымдастырып отырған 6-шеруі. Өткен аптада өткізген ереуіл кезінде билікке қойған талап-тілектер жауапсыз қалды-деген шерушілер енді үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде.
Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру үшін Бельгияның Батысы мен Шығысы, Оңтүстігі мен Солтүстігінен екі мыңнан астам адам жиналды. Мүмкіндігі шектеулі жандар, бірін-бірі жетектеген қарттар, балаларын ерткен ата-ана. «Бостандық, еркіндік» деп ұрандатқандар карантиндік шектеулердің шектен шыққанына наразы.
Филип Леклерк, шеруге қатысушы:Мен ұстазбын. Жақында бізге де екпені міндеттемек. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Бұл санитарлық дағдарыс біздің саяси жүйенің олқылығын көрсетті.
Матиас Ванней, шеруге қатысушы:Үкімет бізді адам құрлы көрмейді. Өзге мемлекеттерге «адам құқын сақтаңдар, демократия» деп ақыл айтқанды жақсы көреді. Ал, өздері біздің Конституциялық құқымызды аяққа таптап отыр. Басында әркім өз еркімен салдыртады деді екпені. Енді міндеттеп жатыр. Мұндай жауапсыз үкіметті тарату керек.
«Санитарлық диктатураға жол бермейміз»-деген шерушілер Александр де Кроо үкіметін тарату туралы Парламентке ұсыныс жолдамақ. Бүгінге дейін петицияға 25 мың адам қол қойған.
4 сағатқа созылған шеру ешқандай текетірессіз бейбіт аяқталды. Бірақ, полиция қызметкерлері «тәртіп бұзды» деген айыппен үш адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
