Будапештте «Тәуелсіз Қазақстан: 30 жылдың басты жетістіктері» атты іс-шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Будапештте «Тәуелсіз Қазақстан: 30 жылдың басты жетістіктері» атты іс-шара өтті

10.12.2021

Тәуелсіздік мерейтойына орай еліміздің Мажарстандағы елшілігі Будапештте «Тәуелсіз Қазақстан: 30 жылдың басты жетістіктері» атты басқосу ұйымдастырды. Шараға жиналған үкімет мүшелері, депутаттар мен сарапшылар Қазақ елінің азаттық алған күннен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын саралады.

Аз уақытта мызғымас экономика қалыптастырып, азулы елдер санасатын дәрежеге жеткен Қазақстанның даму жолына шетелдік сарапшылар жоғары баға беруде. Ядролық қаруды таратпау, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу сынды Қазақстанның халықаралық бастамалары әлемге үлгі дейді Мажар саясаткерлері.

Янош Балла, Мажарстан премьер-министрінің сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі:

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өте маңызды саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүргізді. 30 жылда елдің ұлттық кірісі 16 есеге өскені - керемет көрсеткіш. Қазақстанның тағы бір жетістігі - бейбіт келіссөздер арқылы Ресей, Қытаймен шекарасын шегендеп, Орталық Азияда көшбасшы мемлекетке айналды.

Шандор Ковач, Мажарстан парламентінің депутаты, «Қазақстан-Мажарстан» парламентаралық достық тобы тең төрағасының орынбасары:

Менің өмірімнің 26 жылы Қазақстанмен тығыз байланысты. 1996 жылы елдеріңізге студент ретінде барып, егемендіктің алғашқы қадамына куә болдым. Еңбекқорлық пен төзімділіктің, тың идеялардың арқасында ел халқы жаңа Қазақстанды қалыптастырды. Тәуелсіздіктеріңіз баянды болсын!

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу