Ұлттық санақтың алғашқы нәтижесі бойынша елде қазақтардың үлесі 70 пайыздан асқан. Демографтар мұны тәуелсіздік алған уақытпен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш деп бағалап отыр. Сонымен бірге азаматтардың санаққа сенімі артқан дейді мамандар.
Қыркүйекте басталған халық санағы 30 қазанға дейін жалғасты. Тұрғындардың 40 процентке жуығы санақтан онлайн өткен. Демографтардың сөзінше, Қазақстан - ТМД елдері арасында халық санағын онлайн өткізген алғашқы мемлекет. Бірінші есеп бойынша қазақ халқының саны 70 проценттен асқан. Ұлттық үлесі екі есеге жуық өсті.
Аяулым Сағынбаева, Демография магистрі, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметкері:
Былтырғы ағымдағы есептеулер бойынша қазақтардың үлестік салмағы 69 пайыз болды. 89-жылғы санақпен салыстыратын болсақ, қазақ халқының үлесі 40 пайыздан төмен болды. Болашақта қазақтардың өсуіне үлес қосатын тек ғана туу деңгейі деп ойлаймын. Өйткені көші-қонның әр елде потенциалы болады. Біз негізгі потенциалды орындадық 90 жылдардың басында, 2000 жылдардың басында.
Сонымен халық саны – 19 169 550-ге жетті. Тұрғындардың 59 пайызы, 11 320 410 адам еңбекке жарамды. Халықтың орта жасы – 31. Тұрғындардың 34 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар. Елде ерлерге қарағанда әйелдер көп. Қазақстандықтардың 49 пайызы – ер азаматтар болса, 51 пайызы – әйелдер.
Бұған дейін жауаптылар 19 млн 600 мың сауалнама парағы жиналғанын айтты. Алайда есептеу кезінде сұрақтарға бірнеше рет жауап бергендер болғаны анықталған.
Олжас Сайлаубекұлы, «Ұлттық халық санағы – 2021» ресми өкілі:
Шегерген кезде 59 мыңнан аса шетел азаматы, 500 мыңнан аса бірнеше мәрте толтырылған анкеталар да болды. Оның барлығы да міндетті түрде тазартылады. Методика бойынша қарастырылған.
Ұлттық санақ кезінде халықтың демографиялық өсімі, әлеуметтік және білім деңгейіне қатысты сұрақтар көп қойылды. Әлеуметтанушы бастысы бұл алдағы 10 жылға дұрыс жоспар құруға мүмкіндік бергенін айтады.
Жазира Тұрсынбекова, әлеуметтанушы:
Халқымыздың саны көп емес. Оны санап шығу және оның сапалы түрде, әр отбасының әл-ауқатын білу - қатты қиын емес басқа мемлекеттермен салыстырғанда. Бізді қазір қатты алаңдататын сұрақ - жұмыссыздық. Мысалы, әлеуметтік экономикалық бағдарламалар жоспарлаған кезде, мысалы, қанша балабақша керек, қанша үй салу керек деген сияқты.
Мамандар санақтың толық, сараптамалық есебін 2023 жылы жариялайды. Халықтың жауабы 6 миллионнан аса көрсеткішті анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда ұлттық санақ үшінші рет ұйымдастырылды. Тәуелсіздік алғалы ол 1999 және 2009 жылдары өткізілген.
Аяулым Сағынбаева, Демография магистрі, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметкері:
Халықтың санын ғана білу емес, бұл мемлекеттік органдарға, Үкіметке болашақта стратегиялық жоспарларды сәйкестендіруге үлкен үлес қосады. Болашақтағы болжамдарды жасауға үлкен амалдар деп қарастыру керек.
Ақерке Бектас