Президент «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсырды

08.12.2021

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға ақылын айтып, ел үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Президент Ақордаға дарынды қыз-жігіттерді жинап, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 30 грантты тапсырған болатын. Толығырақ тілші тарқатсын.

Бұл - тәуелсіздік жылдары туған дарынды қыз-жігіттер. Ақордаға алғаш аяқ басып, ерекше толқып тұр. Бірі - жас ғалым, енді бірі - ұстаз, инженер. Әрқайсысы өз саласының мықтысы. Ел игілі үшін ерекше жоба жасап, байқауда жеңіп шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл өте дұрыс. Өйткені қоршаған ортаны қорғау - қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін.

Сол үшін жеңімпаз жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды. Үш миллионды иеленгендердің жобасы бірінен-бірі өтеді. Түрлі ғылыми, әлеуметтік және медициналық және тарихи жобалар бар. Мәселен, мына жігіт мектеп бағдарламасын қызықты етіп, оқушыларға видеомен оқытып жүр.

Әлиғазы Айдарханов, грант иегері:

Мысалы, біз Орбұлақ шайқасы жайлы видео-сабақ жасадық. Ол жерде тек өткен жылы ғана емес, сол аймақтың 3D моделі жасалып, сол жерде қазақ-жоңғар әскерлерінің орналасуы көрсетіледі. Сол замандағы қарулардың дыбысы естіледі. Яғни оқушы сол шайқаста жүргендей атмосфераны сезіне алады.

Халқымыз әрқашан жастарға сенім артып, үміт күтеді. Бүгінгі қолдау соның дәлелі деген президент аталық ақылын да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респулбикасының Президенті:

Өскелең ұрпақ аға буынның үмітін ақтайтыны сөзсіз. Сол үшін әрбір жас бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруі керек. Әрдайым білімге құштар, еңбекқор болуs қажет. Жасампаз, отаншыл әрі жалынды жастар ғана елімізді өркендете алады. Мен сіздерді болашақта кәсіби маман, өз ісінің нағыз майталманы болады деп сенемін.

Қазір жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Түрлі тұрғын үй бағдарламалары іске асып жатыр. Мәжіліс пен мәслихатқа 30 пайыздық квота енгізілді. Мұндай қолдау жалғаса береді деді Президент.


Хабарламаларға жазылу