«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» сақталған бейне және аудиоматериалдар енді арнайы медиапорталда қолжетімді болмақ. Бүгін телерадиокорпорацияның altynqor.com cайты іске қосылды. Сайтта Қазақ телевизиясы қорындағы 1930 жылдардан бергі видео және аудиоматериалдар топтастырылған.
«Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С. Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламаларымен қатар, әр жылдардағы «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабарлар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар.
«Тұлғалар» бөлімінде К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ш.Жиенқұлова, К. Байсейітова, Ш.Айманов, Ш.Айтматов, Қ.Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген бейнетоптамалар қамтылды.
«Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бергі сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, Қ.Байжанов, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, М.Ешекеев сияқты қазақ ән өнері майталмандарының дауысымен жазылған 132 ән, әр жылдары Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедициялардағы шешендік өнер жайындағы сұхбаттар, Батырлар жырының 50 нұсқасы, 100 күй, 100 ертегі нұсқасы, «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» сынды тұрмыстық-ғұрыптық әндер енгізілді.
«Бұл - «Алтын қордағы» ұзақ жылдардан бері сақталған мұраға қызығушылық танытқан әрбір жанға қолжетімді ету мақсатында жүзеге асқан жоба. Сағынышқа айналған бейнелер мен дауыстарды, мазмұнын жоғалтпаған хабарларды осылайша халықтың игілігіне қайта ұсынуды жөн санадық. Сайт қарапайым көрерменнен бөлек, зерттеуші ғалымдар үшін ашық дереккөз ретінде пайдалануға үлкен мүмкіндік. Бүгінде қорда 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады. Сондықтан сайтты толтыру ісі де тұрақты түрде жалғасады», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Шарада Қазақ радиосының 100 жылдығына орай жарыққа шыққан «Алтын қор. Аманат» аудиожинағы таныстырылды. Антология «Дәуір үні», «Атадан қалған асыл сөз», «Батырлар жыры», «Ән өнері», «Күй», «Салт-дәстүр» және «Ертегі» деп аталатын 7 бөлімнен тұрады. Аудиожинақтың басты ерекшелігі - ұсынылған туындылар арнайы флэш-кардқа жазылған. Әр бөлімнің соңындағы QR-код арқылы радио және altynqor.com сайтынан жинақтың электронды нұсқасын тыңдауға болады.
Басқарма төрайымы Л.Танысбай аудиожинақ мектеп оқушылары мен студенттер үшін еліміздің жоғары оқу орындары мен облыс орталықтарындағы кітапханаларға табысталатынын жеткізді.