Елордада Астана клубының алтыншы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Астана клубының алтыншы отырысы өтті

17.11.2021

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік тасымалдау көлемін арттыруға дайын. Астана клубының пленарлық отырысында баяндама жасаған Елбасы осылай деп мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев ауған халқына гуманитарлық көмекті БҰҰ арқылы іске асыруды ұсынды. Халықаралық сарапшылар бас қосқан жиыннан Ақерке Бектас тарқатады.

Үш күнге жалғасқан Астана клубының отырысын бүгін пленарлық сессия түйіндеді. Тұңғыш Президент алдымен Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігіне тоқталды. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғаған транзиттік көпірге айналды. 15 мың шақырым шекарамыз шегенделді. Ал елорда қазір Еуразия үшін маңызды шешімдер қабылданатын алаңға айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 16 есе артты. Бүгінде біз Орталық Азиядағы алып экономикаға айналдық. Елімізге 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Алтын валюта қоры 100 млрд долларға жетті. Қызмет көрсету және өнеркәсіптік экономиканың құрылысы қарқынды және белсенді индустрияландыру жүріп жатыр. Бұл шикізат ресурстарына тәуелділіктен арылу мақсатында.
Әлем елдерін Ауғанстанның қазіргі ахуалы алаңдатып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бұл елдің гуманитарлық дағдарысқа ұшырауы мүмкін екенін айтады. Салдарынан босқындар қатары көбейеді. БҰҰ дерегінше, биылдың өзінде 400 мыңнан аса ауған азаматы босқынға айналған. Елбасы халықаралық күшті Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға жұмсау керегін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Қазанның ортасында біздің делегация бастаған топ ауған жеріне 5 мың тонна ұн жеткізді. Қазақстан БҰҰ арқылы азық-түлік тасымалдау көлемін арттыруға дайын. Мен халықаралық донорларды гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстанның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырғым келеді. Осы тұрғыда Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстанды оңалту жөніндегі халықаралық орталығын құру туралы идеямның өзектілігі артып келеді. Мыңдаған ауған жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарынан білім алды.
Данило Тюрк, Мадрид клубының президенті:
Ауғанстан мәселесіне мұқият бағдар жасап, әрекет ету керек. Тұрақтылыққа қол жеткізу үшін стратегиялық көзқарас қажет. Бұл ретте шиеленіс аймағынан ынтымақтастық аймағына өту үшін Қазақстан бітімгерліктің ерекше алаңына айнала алады.
Ядролық қауіпсіздік мәселесі – сессияда қаралған өзекті тақырыптың бірі. Нұрсұлтан Назарбаев елордада ядролық қаруды таратпау жөнінде жаһандық форум өткізуді ұсынды. Сарапшылардың сөзінше, қазір ядролық державалардың ортақ мәмілеге келуі қиындап бара жатыр. Геосаясатта қару-жарақ жарысының жаңа кезеңі басталып кетуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе АҚШ пен Ресей келіссөзі шиеленісіп тұр.
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Мәселен, 2026 жылы стратегиялық қарулар жөніндегі келісім өз мәресіне жетеді. Бірақ халықаралық маңызға ие келісім әрі қарай жалғаса ма, жоқ па, ашық сұрақ. Одан бөлек ядролық сферада жаңа ойыншылар пайда болып жатыр. Мәселен, Қытайды айтсақ, бүгінде әлемдегі бір зымырандық қару-жарақты дамытып отырған бірден-бір ойыншы. 
Спикерлер жаһанды жайлаған пандемия салдарына да тоқталды. Дамыған елдер ревакциналауға көшкенімен, дамушы мемлекеттерге екпе жетпей жатыр. Қазір әлемде жаңа теңсіздік пайда болды дейді олар.
Ақерке Бектас, тілші:
Қазір әлемде экономикалық тұрақсыздыққа, климаттың өзгеруіне байланысты қайшылықтар көп. Алпауыт державалар арасындағы текетірес күшейген уақытта бейтарап көзқарасты сақтап, әрі өзара байланысты жоғалтпау маңызды. Коронавирусқа қарсы күрес әлі аяқталған жоқ. Әсіресе пандемиядан кейін дамушы мемлекеттер экономикасын қайта қалпына келтіруге аса мән беру керек. Астана клубының алтыншы отырысында пікір таласқан сарапшылар ойы осыған саяды.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу