Қостанайдағы үй құрылысы комбинаты 7 жылда өндіріс қуатының жартысына да жете алмады
Қостанайдағы үй құрылысы комбинаты жеті жылда өндіріс қуатының жартысына да жете алмаған. Соның кесірінен жұмыс ара-тұра тоқтап та қалады. Қуаты жылына 70 мың шаршы метр өнім шығаруға жететін кәсіпорын қазір осы меженің 40 пайызын әупірімдеп орындап отыр. Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:Қостанайдағы үй құрылысы комбинаты 2014 жылы «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасымен ашылған. Бұл жерден көпқабатты тұрғын үйлердің төбесін жабатын мынадай бетондар мен қабырғасын қалайтын мынадай тұтас панелдер шығарылады. Соның арқасында аймақта тұрғын үйдің бағасы бірнеше есе арзандауы тиіс еді.
Алайда кәсіпорын ашылған жеті жыл ішінде баспана бағасы, керісінше, 2 есеге өсіп кетті. Мысалы, 2014 жылы тұрғын үйдің шаршы метрі 90 мың теңге болса, бүгінде оның құны 180 мың. Себебі жаңа нысандардың дені сырттан тасымалданатын кірпіштен салынады.
Владимир Анненко, тұрғын үй құрылысы комбинатының басшысы:Ең басты себеп - біздің өнімге тапсырыс берушілер жоқ. Ал өнімді тек қоймаға жинау үшін шығару тиімсіз. Негізі үйді кірпіштен қалағаннан гөрі тұтас панелдерден құрау адам күшін азайтады. Сондықтан мұндай нысандардың құны да төмендеу болады.
Жуырда осы мәселе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында көтерілді. Облыс әкімдігінің қызметкерлері де қатысқан жиында, құрылыс салғанда жергілікті өнімге басымдық беру туралы тапсырма назардан тыс қалғаны айтылды. Сондықтан тиісті органдар алдағы жобаларды бекіту кезінде осы жайтты ескеруге міндеттелді.
Геннадий Кукоба, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:Біз қазір алдағы жылға қандай жоспарлар бектілетіндігін күтіп отырмыз. Сол жоспарға сәйкес үй құрылысы комбинатына тапсырыс беру мәселесі қаралады. Егер тапсырыс көлемі 35 мың шаршы метрге жетсе, бұл өндіріс қуатының сексен пайызын қамтиды. Әрі қарай кәсіпорын өнімін өткізу үшін өз бетінше де әрекет етуі тиіс.
Осылайша кәсіпкерлер палатасы мен билік өкілдері бірлесіп түйткілді шешеміз деп отыр. Қалай болғанда да 150 адам еңбек ететін іргелі кәсіпорынның тағдыры назардан тыс қалмайды.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
