Басты Жаңалықтар Ұлттық жоба: Ауылдағы 1 млн тұрғынның табысы артады

Ұлттық жоба: Ауылдағы 1 млн тұрғынның табысы артады

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобасы аясында алдағы бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру көзделген. Сондай-ақ ауылдағы 1 млн тұрғынның табысын арттыру жоспарланған. Бұдан өзге, азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықтың алдын алып, агрокешендерді дамыту үшін 500 ден астам жоба іске аспақ.

Аманкелді ауданындағы Амантоғай ауылында тұратын шаруа Жоламан Тапаев биыл 800 гектар жерге дән сіңірген. Жазда екі ай бойы көктен тамшы тамбады, ол аздай аптап ыстық топырақты құрғатып жіберді. Шілденің соңында жауған жаңбырдың арқасында ғана гектарына 2 центнерден өнім жинады. Сөйтіп алты ай жаздайғы еңбегінен еш пайда көрмеді. Әйтеуір тұқымдық астық алғанына тәубе етеді.

Жоламан Тапаев,  шаруа:
96-шы жылдан бастап ектім. Содан бері осы кәсіптен керемет пайда тауып байып кеткедім. Сонда да мен бұл жұмысты тоқтатпаймын. Себебі ауылда мұнан басқа кәсіп жоқ.

Жалпы биыл облыс бойынша 3 млн тоннаға жуық қана астық жиналды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 4 млн тоннадан асқан еді. Мал шаруашылығын дамытуға да мың сан кедергі бар. Жайылым тапшы, жұмыс күші жетіспейді.

Мереке Смағұлов, шаруа:
Бірінші мәселе ветеринария. Инфрақұрылымды дамыту қажет. Мал қайда тұарды,қандай су ішеді? Қандай жем жейді?Жем-шөп базасы болуы керек. Кластер болуы тиіс.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобасы осы түйткілдерді шешуге ықпал етуі тиіс. Мысалы жоба аясында жылына 1000 данаға дейін суару жүйесі қондырғысын шығаратын зауыт салынбақ. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылшаруашылығымен айналысу және оны дамыту үшін жеңілдетілген несиелер беріп, субсидиялау көлемін арттыру көзделген.

Ербол Қарашөкеев,   ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда.

Сондай-ақ бес жыл ішінде өңделген өнім үлесі 70%-ға жеткілізулі тиіс. Бұл агроөнеркәсіп экспортын 2 есе ұлғайтуға жол ашады.

Дәуренбек Әбдібек 


Бөлісу