«Мұқағали» көркем фильмінің тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мұқағали» көркем фильмінің тұсауы кесілді

19.10.2021

Елордада «Мұқағали» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Киноның жарық көруі ақиық ақынның 90 жылдығына арналғандай. Режиссер Болат Қалымбетов Мұқағалидың қилы тағдыры мен өлеңмен өрілген өмірін сәтті жеткізу үшін 13 жыл еңбектенгенін айтады.

Актерлер құрамы да сәтті іріктелген. Негізгі эпизодтар Алматы облысы мен Алматы, Өскемен қалаларында және Санкт-Петербургте түсірілді. Картинаға ақын өмірінің соңғы жылдары арқау болған.

Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны. 45 жыл өмір сүрген оның артында жыр жинақтары мен дастандары жарық көрді. Шекспир шығармаларын, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақша «сөйлетті». Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған.

Болат Қалымбетов, режиссер:

Аңызға айналған адамдардың артынан әңгіме көп жүреді. Әртүрлі әңгіме естідім. Бізде қанша адам бар, сонша адамның өзінің Мұқағалиі бар. Ал мына фильмде бұл - біздің Мұқағали. Біздің Мұқғалиға деген көзқарасымыз.  Өмірдегі шындық пен өнердегі шындықтың айырмашылығы үлкен. Соны көрермен білсе екен деймін. Біздің көрермен біледі. Талғамы үлкен.


Хабарламаларға жазылу