Шымкентте қайыршылар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қайыршылар көбейіп барады

05.10.2021

Шымкентте қайыршылар көбейіп барады. Алақан жайған тілемсектер қазір көше кезіп, аурухана, мешіттердің алдын торуылдайтын болған. Кезбелерді тезге салу үшін полиция оларды жұмсап отырған дөкейлердің ізіне түскен. Ғани Қалмаханов тарқатады.

Бұрын жұрт сығаннан сырт айналса, енді жолда жармасып, қайыр сұрағаннан қашатын болды. Қайыршылар тіпті базар-ошар мен мешіттердің маңын былай қойып, көлік нөпірі көп көшелердегі қиылыстарда алақан жаятынды шығарды.

Қайыршылардың арасында мүгедектігімен жұрттың аяушылығын тудыратындары тіптен көп. Олар жұрттың беретін тиын тебені үшін шыжыған ыстыққа да, аязды суыққа да шыдап бағады.

Полицейлер бірнеше рейдтік тексеріс жасады. Нәтижесінде жыл басынан бері 2 мың 650 қайыршыны көшеден ұстап , айыппұл салған. Бірақ оның өзіне айылын жимай 20 шақтысы көше кезуге қайта шыққан.

Ғани Қалмаханов, тілші: 
Шымкентте қайыр тілегендерге қарасқан боп, қорғаштап жүретін өз қожайындары бар. Арбаға таңылған мүгедектерді күніге таңертең тұрағына әкеліп, кешкісін алып қайтатын да солар. Бірақ қайыршының қарнын тойдырғанмен қамқоршылар садақаны санап алып, қалтасын қалыңдап жүр.

Қайыршылар биыл былтырғыдан көп. Былтыр олардың саны 2 мыңға да жетпейтін. Оларға күн жылынса болды шекара асып келетіндерді қосыңыз.

Данабай Әлиев, Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бөлім басшысы: 
Жыл басынан осындай іс-шаралардың нәтижесінде қайыршылық жасап жүрген 7 тұлғаны анықтадық. Оларды кодекстің бабына сәйкес елден шығарып жібердік. Олар Өзбекстан Республикасының азаматтары, Әзірбайжан ұлтының өкілдері.

Полицейлер енді қайыршыларды көшеге әдейі жұмсап, өздері табыс тауып отырғандардың да ізіне түсті. Адамды заңсыз іске мәжбүрлегендер ұсталса бас бостандығынан айырылады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу