Жамбыл облысында 262 мыңнан астам адам КВИ-ге қарсы екпе алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 262 мыңнан астам адам КВИ-ге қарсы екпе алды

21.07.2021

Түркістан облысында эпидахуал күн санап нашарлап барады. Соңғы аптада науқастар саны күрт көбейгендіктен инфекциялық төсек орындар саны артты. Ал, Қарағанды облысында індет жұқтырғандардың 99 пайызы екпе алмағандар дейді мамандар. Айнұр Ақбаева елдегі эпидахуалды тарқатып айтады.

Түркістан облысында соңғы тəулікте 103 адам ковидке шалдығып, мыңнан аса адам инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Науқастардың басым көпшілігі пневмония жұқтырса, 52 науқас жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Өңірде карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, демалыс күндері ашық жəне жабық базарлардың, сондай-ақ қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылды.

Бахтыораз Елемесов, Түркістан облыстық бас санитариялық дəрігерінің орынбасары:
Екі апталық тіркелімді алатын болсақ, коронавирус инфекциялық жағдайы 664 жағдайға өскен. 505-тен 1169-ға. Жəне пневмония аурушаңдығы 196-дан 234 жағдайға, яғни 38 жағдайға өскен. Бұл ең алдымен «Дельта» вирусының таралуымен байланысты.

Осы жағдайға алаңдаушылық білдірген мамандар облыс тұрғындарына тездетіп екпе алу қажеттігін ескертуде. Бүгінгі күнге дейін өңірге 607 мың доза вакцина жеткізіліп, 516 мыңдай адам алғашқы компонентін қабылдаған. 128 егу пункті жұмыс істеп тұр. 80 көшпелі егу бригадалары шалғай елдімекендерде егу жұмыстарын жүргізуде.

Дəулет Кенжебаев, Түркістан қаласының тұрғыны:
Вирус жұқтырған жағдайда медицина қызметкерлері айтып жатыр жеңіл өтеді деп, қиын əсері болмайды деп. Сондықтан алдын алу мақсатында өзім, бүкіл отбасы мүшелері салдырып қойды.

Қарағанды облысында да провизорлық орталықтарға түскен науқастар саны көбейді. Қазір коронавирус жұқтырған 2 мыңнан астам адам ем қабылдап жатса, 89 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар қауіпті дертке шалдыққандардың 99 пайызы екпе алмағандар екенін айтады.

Ал, Жамбыл облысында ковидке қарсы екпе алғандардың саны үш жыз мың адамға жуықтады. Бүгін Тараздағы ең ірі еңбек ұжымдарының бірі жаппай вакцина салд ырды. Бір тəулікте бас аяғы 70-ке жуық зауыт жұмысшысы екпе алды.

Жанболат Дəулетұлы, дəрігер:
Короновирустық пандемияға қарсы вакциналар салып жатырмыз, 70 адамға салдық.

Атырау облысында 130 мыңға жуық тұрғын індетке қарсы екпе салдырған. Өңірде жұмысшылар арасында да коронавирусқа қарсы антидене қалыптастыру қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Теңіз кенішіндегі 39 мыңға жуық жұмысшы коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған болса, екінші компонентін 22 мыңдай жұмысшы салдырған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу